- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тырнақтарымен адамдардың мойнын...
"Тырнақтарымен адамдардың мойнын кесіп, қанын ішеді". Қазақтар кімнен қорыққан?
Бүгінде Хэллоуинді бүкіл әлем атап өтеді. Бірақ елімізде бұл мерекеге қатысты сан алуан пікір бар. Бірі әлемдік трендтен қалмай, атап өткеннің ұяты жоқ десе, енді бірі ол қазаққа жат мереке деген ойда.
Қазақта да Хэллоуинде айтылатындай қорқынышты оқиға, түрлі мыстан мен құбыжық көп. Massaget.kz тілшісі қазақ мифологиясындағы құбыжықтар туралы топтама дайындады.
Мыстан кемпір
Фото: Самал Қаңтар
Қазақ ертегілерінде жиі кездесетін кейіпкер - Мыстан кемпір. Ол туралы "Алтын сақа", "Ер Төстік", "Күн астындағы Күнекей қыз" секілді туындыларда айтылады.
Көбіне ол сараң әрі жеккөрінішті етіп баяндалады. Шашы ұзын, ұйпа-тұйпа, тырнақтары мен тістері өткір кемпір болып бейнеледі.
Мыстан кемпір ертегілерде тісімен жер қазады, қашып бара жатқан аттың аяғын тісін лақтырып кесіп тастай алады. Ол тамаққа у қосып беруі мүмкін, қарғыстар айтады, балаларды ұрлайды.
Жалмауыз кемпір
Фото: Самал Қаңтар
Кейбірі Мыстан кемпір мен Жалмауыз кемпірді шатастырып жатады. Бірақ екеуі екі түрлі кейіпкер. Жалмауыз кемпірдің сиқыры мықтырақ.
Ол кейде жеті басты, қарға тұмсық, аяқ қолының тырнақтары сояудай, адам қанын соратын қорқынышты кейіпкер ретінде бейнеленеді.
Жалмауыз кемпір тек адам қанымен тамақтанады. Көп жағдайда қыздарды алдап, қанын сорады. Сондай-ақ, ол қандай да бір затқа айналып, адамға жақындап, оған жабысып алуы мүмкін.
Албасты
Фото adebiportal.kz сатынан
Албасты - түркі елдерінде, кавказ халықтарында бар кейіпкер. Әр жақта ол әртүрлі болып бейнеленеді. Көптеген халықтың ұғымында Албасты өзеннің жағасында, көлшіктің маңайында өмір сүріп, шашын тарап отырады. Албасты жаңа туған баланың жүрегін, бауырын ұрлап, суға жетуге ұмтылады. Албасты суға жетіп үлгерсе, оның иесі өледі деген ұғым бар. Албастының жылқы малына көңілі ерекше, түнде оны мініп жүреді, жалын өріп тастайды деген аңыз-әңгіме халық арасында көп тараған.
Қазақ мифтерінде Албасты - жын, ол түрі қорқынышты, шашы ұзын, тісі өткір әйел болып сипатталады. Ол тек әйелдер мен балаларға зиян келтірген.
Албасты адамның түсіне кіріп, ұйықтап жатқанда кеудесіне отырып, оны тұншықтырады деген сенім болған. Қазақтың "Албасты басқыр" деген қарғысы осыдан шыққан екен.
Қонаяқ
Гарвард өнер музейіндегі қолжазба
Қазақ мифологиясында Қонаяқ (басты суретте) деген де құбыжық бар. Үсті - адам, бірақ аяғы жоқ. Аяқ орнында құйрық немесе қайыс тері, яғни белдік болып бейнеленеді. Қонаяқ адамдар арасында емес, орманда, ағаш басқан аралдарда өмір сүреді. Ол бұтақтар үстінде отырып, құрбанын күтеді. Жалғыз жүрген саяхатшының үстіне секіріп, белдік секілді аяқтарымен байлап, қылқындырып, жеп қояды екен.
Жезтырнақ
Қазақ ертегілерінде, аңшылар туралы аңыз-әңгімелерде жезтырнақ бейнесі жан-жақты сомдалады. Ертегілердің көпшілігінде жезтырнақ бейнесін ұзын бойлы, тырнақтары пышақтай өткір, жапандағы жалғыз әйел түрінде суреттейді.
Жезтырнақ - имек жез мұрынды, үлкен жез тырнақты, сұлу жас әйел кейпіндегі жын-пері тектес мақұлық. Ол - ғаламат зор қара күш иесі. Оның ащы даусы жер жаңғырықтырады. Өзінің айқайымен ол құстар мен ұсақ хайуанаттарды өлтіре береді.
Аты айтып тұрғандай, Жезтырнақтың басты қаруы - өткір тырнақтары. Ол тырнақтарымен адамдардың мойнын кесіп, қанын ішеді.
Үббе
Қазақта Үббе деген де жын кейпіндегі кейіпкер бар. Үббе деген - қыз, бірақ көптеген жылдан кейін айдаһарға айналады.
Өзендерде, көлдерде өмір сүреді. Үббе жағаға келген адамды есімін айтып шақырып, алдап суға кіргізіп, су түбіне алып кетеді. Ертегілерде су астында үббе бір халық болып өмір сүретіні де айтылады.
Тағы бір ертегілерде үббе күйеуге шығып, жарына бірқатар талап қояды. Шашын тарап жатқанда қарамауды, арқасын сипамауды талап етеді. Бірде күйеуі әйелі өз басын жұлып алып, тарап отырғанын көріп қалады. Егер үббені сусыз жерде өлтіріп үлгермесе, ол күйеуін өлтіріп тастайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш