23 қаңтарда Алматыда және Қазақстанның тағы бірнеше өңірінде жер сілкінісі болды. Зілзала тіркелген бойда еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік шараларын ұйымдастырып, халықтан дүрбелең тудырмауды өтінді. Қаланың әр тұрғынына жеке хабарлама жіберіліп, қоғам тынышталды. Ал ертеде адамдар жер сілкінісін алдын ала қалай білген? Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлынан сұрап көрді.
Этнографтың айтуынша, қазақ табиғи апат болатынын ауа райы, үй жануарлары, төрт түлік мал және өзінің ағзасына қарап болжаған. Байырғы, бағзы заманнан бері ата-бабалармыз алдын ала табиғи апаттардың (зілзала, топан су, өрт апаттары) боларын алдын ала білген.
Біріншіден, қатты жер сілкінісі болардан бір апта не бір ай бұрын қыс айларында болса ауа райы жылынып, жаңбыр жауып, жер қызып, жел тұрып, қар еріп, су тұманы сияқты ауа райы құбылып, күн жайсыз өзгеріске ұшырайды. Жер астындағы жыландар аязға қарамай жер бетіне шығып, жер аударып басқа жаққа көшеді. Мұны қазақ "Жылан көшті" деп атаған.
Одан бөлек, жабайы аңдар да жер алмастырып, мекенінен алыстап кетеді. Аю тәрізді жабайы жануарлар қысқы ұйқысынан оянып, таудан етекке түссе, құрт-құмырсқа мен тышқандар жер бетіне шығып, әрі-бері тынымсыз жортып, жорғалап, байыз таппай әрекет жасай бастайды.
Жеті қазынаның бірі - иттер тағатсыздана үріп, жылай ұлып, үй айнала жүгіріп, иесіге бір апаттың боларын алдын ала, әр түрлі әрекетімен де, ұлыған жан дауысымен де хабар беретін. Қазақ иттің жайшылықта ұлуын, иесіне өлім тіледі деп жаман ырымға баласа, ал ауыл иттері жабыла ұлыса, онда бір үлкен апаттан хабар беріп тұр деп жақсыға жорып, болатын апаттан алдын ала сақтанатын болған.
Сонымен қатар, маман жер сілкінетінін, үлкен зілзала болатынын күн ілгері сезіп білетін үй мысығы, бір жерде тұрақтамай, үйден сыртқа қашып шығуға әрекеттенетінін айтты. Онымен тынбай, өз бетін өзі тырмалап, не үйдегі сырмақ, текеметтерді тырнағымен түтіп, болмаса үй іргесін қазып, мияулап қарадай мазасы кетіп, иесіне белгі береді.
Жер сілкінерден бұрын оны төрт түлік мал да алдын ала сезеді де, олар да тосын қылықтар танытады. Мысалы: кешке қарай төбесі жабық қораға кірмей, далаға қашады. Түнде бауырын жерге басып жатпай тік тұрып алады. Күйіс қайтаратын малдар күйіс қайтармай қояды.
Жылқы кісінеп, айғырлар азынап, түйе боздап, сиыр мөңіреп, қой, ешкі маңырап, қозы-лақ шулап, жалпы төрт түлік малдан ерекше маза кетеді. Мазасының кететіні соншалық, байлаулы жылқы шылбыр, шідерін үзуге талпынып тулайды. Түйелер бұйдасын, сиырлар жібін үзуге ұмтылып, сыртқа шығуға тырысады. Бұл дегеніміз мақұлық жануарларға берілген Алла тағаланың табиғи түйсігі болса, бір жағынан оны бағып өсіріп, тұрмысына тұтынып отырған адамдарға берілген, апаттан сақтану дабылы, ескертуі деп білген дұрыс.
Үй құстарының яғни үйрек, қаз, тауықтардың улап-шулап, қанаттарын қомдап күнделікті ұясына қонақтамай далаға қашатыны, беймезгіл уақытта қораздардың шақырып, жан-жағына жағымсыз хабар тарататыны да, зілзаланың келе жатқанының анық хабары деп қабылдаған бабалар.
Қазақ түн ортасында шақырған қораздың басын шауып, етін итке тастайтын. Себебі үй иесіне жамандық тілеп тұр деп жаман ырымға балайтын. Ал, ауыл тауықтары тұтаса шулап-шұрқыраса, онда бір апаттан хабар беріп тұр деп қабылдаған.
Жабайы қарға, торғай, сауысқан, ұзақ сияқты дала құстары жазық даланы бетке алып, тақыр жерлерге қонақтап, улап-шулап, шиқылдап бір ұшып, бір қонып, әуеге көтеріліп, үй төбесінен қайта-қайта айналып, аспаннан саңғырығын тастаса, онда олар зілзала боларын анық біліп, адам пенделеріне хабар беріп жатыр деп, дереу сақтық шараларын жасау қамына кіріседі.
Этнографтың сөзінше, жер сілкінер бұрын ауада біртүрлі магнит өрісті тымық ауа пайда болады да, адамдардың өкпе тыныс алуы ауырлап, жүректері қысып, мінездері тарылып, көңіл күйлері нашарлап, рухы әлсіреп, басы ауырып, сіркесі су көтермей бей-жей мазасыз күй кешеді. Ұрысып, жанжалдасып қалуға дайын тұрады. Оны өздері де сезбейді. Бұл жер сілкінерден бұрынғы табиғи орта мен жаратылыстың адам организміне берілген белгі деп қабылдаған жөн.
"Бірақ адам баласы оны тілсімнен келген тіл деп қабылдамайды. Мөлдір ауада жүріп жатқан магнит өресінің сонау шырқау аспандағы жұлдыз, күн, ай сынды аспан шырақтары мен жер шары арасындағы тартылыс күштерінің және жер асты терең қойнауындағы қатпарлы қазыналардың тартылыстық өзгерісінен, жерге ауыр қысым түсіп, жойқын қопарылыс пайда болып, зілзала туатынын атам қазақ бағзы заманда айтып кеткен екен", - дейді этнограф Болат Бопайұлы.
Тағы бір қызығы табиғи жүйе заңдылығының адамзат рухы мен сана түйсігіне берілетін әсері. Көңіл- күйдің болмай, мең-зең күйде болуы. Жоқтан өзге нәрсеге алаңдай беруі. Қалыпсыз жағдайда сезінуі т.б.
Осынау ұлы дала заңдылығын ажыратып, күн мен түннің, ай мен жылдың, апта мен тәуліктің уақытын таразылай білген. Қазақ жаратылыстың тосын құбылыстарын да, осылайша біліп отырған. Жуық арада болатын апаттың салдарын сезіп, алдын ала жорып, халықты қауіпсіз жерлерге көшіріп, мал мен жан басын аман сақтап қалып отырған", - дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігер жер сілкінісінің адам ағзасына әсері жайлы айтқан еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Күніне қанша сағат ұйықтау керек?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!