Кеше Ресейдің қиыр шығысындағы Камчатка жағалауында болған 8,8 балдық жойқын жер сілкінісі Полинезия мен Чилиге дейін цунами туралы ескерту жасауға себеп болды. Жер сілкінісінен кейін түбектегі ең белсенді жанартау атқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters басылымына сілтеме жасап.
30 шілдеде Камчатка аймағында 1952 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі болды. Әртүрлі бағалаулар бойынша магнитудасы 8,8 балға жетеді.
Сәрсенбі күні кешке Жапония, Гавай және Ресей цунами туралы ескертудің көпшілігін азайтты. Алайда Полинезия билігі шалғайдағы Маркиз аралдарының тұрғындарына биік жерлерге көшу керек екенін, биіктігі 2,5 метрге дейін толқын келуі мүмкін екенін ескертті.
Жергілікті биліктің айтуынша, цунами толқындары сәрсенбіде Маркиз аралдарында тіркеле бастаған.
Алғашқы толқындар Таитиден солтүстік-шығысқа қарай 1400 шақырым жерде орналасқан Маркиз аралдарының ішіндегі ең үлкені Нуку Хива аралында тіркелген.
Солтүстік Курильскіде цунами толқындарының биіктігі 3 метрден асып, ең қуаттысы 5 метрге жеткен. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлады.
Кейінірек Камчатка мен Жапонияның солтүстік бөлігі арасында орналасқан Курил аралдарында 6,07 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы Германияның геологиялық зерттеулер орталығы мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Камчаткада 8,7 балдық жер сілкінісі болғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!