- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- көлік жүргізу куәлігі
“Тым оңай“. Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуды қатаңдату ұсынылды

Сенатор, ІІМ басшысының бұрынғы бірінші орынбасары (2019 жылдан 2024 жылға дейін) Марат Қожаев Қазақстанда көлік тізгіндеуге рұқсат тым оңай берілетінін, бұл қайта қарауды талап ететінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенат дәлізінде журналистер сенатор Қожаевты тағы да сұрақ астына алды. БАҚ өкілдері Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру мәселесі туралы сұрады.
"Құқық қорғау жүйесіне қатысы бар адам ретінде бұрын жол апаттарын өзім зерттедім. Еңбек жолым басталған кезде менде мұндай іс көп болды. Сіздерге айтайын: көлік тізгіндеу біздегі сияқты оңай болмауы керек. Бізде жүргізуші куәлігін алу өте оңай", - деді Қожаев.
Оның айтуынша, бірқатар елде жүргізуші куәлігін алу процесі әлдеқайда күрделі, бұл жүргізушілердің дайындық деңгейін арттырып, жол апатының санын азайтады.
"Бүкіл әлемде жүргізуші куәлігін алу - қиын процесс. Нәтижесінде адамдар арнайы дағдыларды меңгереді, жауапкершілікті жете сезінеді. Үшіншіден, олар жүргізуші куәлігін бағалайды", - деді сенатор.
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары, сенатор Марат Қожаев мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету туралы Мәжіліс депутаттарының ұсынысына пікір білдірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова