Твиттер мамандары 280 символ көлеміндегі хабарламаны орналастыруға мүмкіндік беретін жаңа функцияны сынақтан өткізуде. Бұл жайлы компанияның ресми блогында сейсенбіде жарияланған мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды ТАСС.
Онда Twitter-дің негізінен ағылшын тілінде жазатын көптеген пайдаланушыларына қазіргі кезде хабарламаларға бөлінген 140 белгі лимиті қолайсыз болып отырғаны айтылады. Микроблог басшылығы бүкіл дүниедегі адамдар Twitter арқылы пікірін еркін баяндау мүмкіндігіне ие болуы үшін тынымсыз еңбек етуде, осы бағытта олар 280 белгіден тұратын хабарлама жобасын сынақтан өткізуде.
Бұл жаңалық жапон, қытай, корей тілдеріне қолданылмайды, өйткені бұл тілдер онсыз да ойды аз ғана символмен білдіру мүмкіндігіне ие.
Блогтағы хабарға сәйкес, қазіргі таңда осы функция пайдаланушылардың «шағын тобына ғана» қолжетімді. Оның бүкіл аудиторияға қашан енгізілетіні туралы мәлімет жоқ.
2006 жылы құрылған Twitter-ді бүкіл дүние жүзінде 320 млн-ға жуық адам белсенді пайдаланады. Бұл көрсеткішімен ол интернеттегі танымал ресурстардың қатарынан көрініп отыр.