Оралда мектеп оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын баланы дәретханада ұрып, видеоға түсіріп, Желіге жариялап жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 13 қарашада сағат 7.50-де №38 орта мектептің спорт залындағы дәретханасында болған. Жәбірленуші оқушының ата-анасының сөзінше, олардың ұлы бұған дейін буллингке қатысты ештеңе айтпаған. Алайда оны ұрған бала видеоны Желіге жариялап тастағаннан кейін ұлдары бәрін айтқан.
Ата-ана алаңдап, дабыл қаға бастаған. Олардың сөзінше, құрдастары ұлдарына қоқан-лоқы көрсетіп жүрген, дәлел ретінде жазған хаттарын көрсеткен.
Өңірдің білім басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Олардың сөзінше, тоғызыншы сынып оқушысы 8-сынып оқушысын қудалаған. Үшінші оқушы бәрін видеоға түсіріп тұрған. Жәбірленуші баланың ата-анасы мектеп әкімшілігінен бұл іске араласып, шара қолдануын сұраған. Бала мен оның ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Бұл дерекке қатысты БҚО Полиция департаментінің өкілдері де пікір білдірді. Олардың сөзінше, 9-сынып оқушысының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оқушылардың арасында болған жайтты видеоға түсірген баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Жәбірленуші баланың ата-анасының сөзінше, олар баланың психологиялық жағдайына алаңдап отыр. Бұл жайттан кейін оқушы тұйық болып қалған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!