- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Туысыңыз жол апатына...
“Туысыңыз жол апатына ұшырады“. СҚО-да алаяқ полицей болып танысып, халықты алдаған
Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтық пен есірткіге қатысы бар адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бірнеше рет алаяқтыққа қатысы бар және психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденді деген айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта не анықталды?
Зардап шеккен қарт адамдарға бейтаныс адамдардан қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, туыстарының жол апатына ұшырағанын хабарлаған.
Жәбірленушілерден емдеу мәселесін шешу және зардап шеккендердің туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін ақша талап еткен.
Жәбірленушілер бөтен адамның қылмыстық ниетінен күдіктенбей, оның алға тартқан дәлелдеріне сеніп, күйзеліс жағдайында туыстарына көмектескісі келгендіктен сотталушыға 900 мың теңгеден 5,5 млн теңгеге дейін қаражат берген.
Сотталушы оның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын басқа тұлғалардың есепшотына жіберген.
Сондай-ақ сотталушы 193,06 грамм көлемінде психотроптық заттарды өткізу мақсатында өз бетінше және тұрғылықты жерінде заңсыз иемденіп, сақтаған (ерекше ірі өлшем).
Сотталушының кінәсі сотталушының мойындауымен, сондай-ақ жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
Тараптардың ұстанымы
Прокурор төмендегідей жаза тағайындауды сұрады:
- ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 3-бөлігінің 1,4-тармақтары бойынша 3 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру;
- ҚК-нің 297-бабы, 3-бөлігі, 1, 3, 5-тармақтары бойынша 7 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру, ең соңында – 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру.
Қорғаушы тарап ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-баптың 3-бөлігінің 1,4-тармақтары бойынша, оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды, ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1,3,5-тармақтарын ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі бойынша қайта саралауды сұрады.
Сот не үшін және қандай жаза тағайындады?
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін ішінара мойындауын және сотталушының жасы кәмелетке толмағанын ескерді.
Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сотталушы төмендегідей баптар бойынша кінәлі деп танылды:
- адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде алдау жолымен жасалған алаяқтыққа бірнеше рет қатысу (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 3-бөлігінің 1,4-тармақтары);
- алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену (ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі 1,3,5-тармақтары).
Қылмыстардың мән-жайын және олардың ауырлығын ескере отырып, сот сотталушыға төмендегідей үкім шығарды:
- ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 3-бөлігі, 1,4-тармақтары бойынша - 4 жылға бас бостандығынан айыру;
- ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі, 1, 3, 5-тармақтары бойынша - 7 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру.
Нақты – 7 жыл 5 айға дейін бас бостандығынан айыру.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина