Алтай Әлі Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Көлік министрінің бұйрығымен Алтай Әлі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы қызметінен босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Алтай Әлі 1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.
Жуырда шенеуніктің басы дауға қалды. Желіде "қарапайым жұмысшы" Ербол Құлымбет бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін Жамбыл облысында Көліктік бақылау бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Жазбада "оның қызметте бұлай өсуіне Көлік министрлігінде жұмыс істейтін Алтай Әлімен туыстық байланысы себеп екені" айтылды.
Кейінірек Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алтай Әлінің әкесі мен Ербол Құлымбеттің анасы туған ағайынды екенін анықтаған еді. Десе де агенттік "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес мұндай туыстық қатынас жақын туыстар немесе жекжаттар санатына жатпайтынын мәлімдеді.
Соған қарамастан Ербол Құлымбет өз еркімен қызметінен босатылды.
Ал Алтай Әлі бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары (құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі) болып тағайындалған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!