- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Туыстары сене алмай...
"Туыстары сене алмай отыр". Алматылық әйел кесарь тілігінен кейін қайтыс болды
Алматыда перинаталдық орталықтағы науқастың өліміне қатысты шу шықты. Босанған әйелдің туыстары ол біреудің абайсыздығынан қайтыс болуы мүмкін деп болжап отыр. Олардың айтуынша, болашақ ана ауруханаға жатқанда дені сау болған және проблема босану кезінде басталған. Кесарь тілігі жасалғанан кейін әйелде қан кету болған. Науқасты аман алып қалу мүмкін болмады, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Марқұмның туыстары Александра енді жоқ екеніне әлі сене алмай отыр. Олардың айтуынша, бір апта бұрын 30 жастағы әйел босану үшін емханаға барған. Екі күннен кейін кесарь тілігі жасалған. Операциядан кейін кешке жақын туыстарына босанғанын айтып, денсаулығына шағымданады. Содан кейін байланысқа шықпаған. Таңертең туыстары ауруханаға барып, сол жерде дабыл қаққан.
"Олар ештеңе айтпады, мүлде ақпарат бермеді. Сағат үш жарым шамасында оның қансырап жатқанын, бірдеңе болып, екінші ота жасалғанын айтты. Күндізгі үштен кешкі тоғызға дейін операцияда болды. Барлық дәрігер келді, барлық хирург келді. Оның қан тамыры жыртылған, осыған байланысты қан кеткен. Олар көкбауырды алып тастады. Көкбауырдың тамыры зақымдалғанын айтты", - дейді әйелдің туыстары.
Марқұмның туыстарының айтуынша, келесі күні дәрігер Александраның бүйрегі мен бауыры істен шыққанын, жағдайы өте ауыр екенін айтқан. Науқас құрылғыларға қосылған.
"24 күні олар анамның кіруіне рұқсат берді. Ол аппаратта жатты, бірақ көзі мен ернінде дәке болған. Анам оның бетперде тақпағанына мән бермеген. Яғни, қазір дәрігерлер маған жасанды тыныс алуға қосылғанда, аузында түтік және маска болуы керек, анам оның болмағанын айтады. Келесі күні 25-інде сағат 9-10 шамасында анасына телефон соғып: "Жаман хабар" депті. Біз келгенде, оның қайтыс болғаны хабарланды", - дейді босанған әйелдің отбасы мүшелері.
Туыстары полиция шақырып, мәйітті тәуелсіз сот-медициналық сараптамаға жіберген. Олар дәрігерлер салғырттық танытты деп есептейді. Олардың айтуынша, Александра келгенде сау болған, нәресте патологиясыз дүниеге келген. Емхана науқас ауруханаға жатқызылғанға дейін тексерілгенін растады, барлық талдаулар қалыпты нәтиже көрсеткен.
"2022 жылдың 22 маусымында жүкті әйелдің жатырында екі тыртық болуына байланысты жоспарлы кесарь тілігі жасалды. Техникалық тұрғыдан алғанда, операция еш қиындықсыз өтті. Босанғаннан кейінгі және операциядан кейінгі кезең қиындап кетті. Орталықтың медицина қызметкерлері шұғыл шаралар қабылдады. Өкінішке қарай, қолданылған шараларға қарамастан, осындай жағдай тіркелді. Өлімнің себебі патоанатомиялық сараптама қорытындысы бойынша белгілі болады", - деп түсіндірді акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы басқарма төрағасының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Әлия Айымбетова.
Медициналық мекеме мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі арнайы комиссия құрып, оның құрамына тәуелсіз сарапшылар кіреді. Ол егжей-тегжейлі тергеу жүргізіп, қорытынды шығарады. Полиция соталды тергеуді бастады.
"Медеу аудандық полиция бөлімі мәліметінше, бұл факт соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Адам өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша іс жүргізу аясында соңғы процессуалдық шешім қабылданады", - деп түсіндірді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Марқұмның туыстары да прокуратураға арыз жазған. Александраның артында үш баласы қалды.
С. Сатыбалдина