Абай облысының алты ауданында білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Семей, Аягөз, Абай, Жарма, Үржар және Көкпекті аудандары бойынша үш директор, алты бухгалтер және бір экономист заңсыз аударымдар жасаған. Оның жалпы сомасы 2,6 миллион теңге болады. Бұл туралы брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов мәлімдеді.
"Төрт дерек соталды тергеу барысында анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 19,7 миллион теңге болады", - деді Рүстем Тоқбергенов.
Қылмыстық істердің бірі бойынша 2023 жылғы 21 маусымда Жарма аудандық соты үкімімен мектепке дейінгі мекеменің бухгалтері 2,4 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын иемденгені және ысырап еткені үшін кінәлі деп танылған.
Ведомство өкілінің айтуынша, білім беру саласында ұрлық жасаудың бір жолы - мекемеде жоқ қызметкерге жалақы төлеп отыру.
"Жарма ауданында ұйым бухгалтері басшының электрон кілтін пайдаланып, үйде жұмыс істеп, бюджет қаражатын бөлді. Залалдың алдын ала сомасы 3,1 миллион теңге болады. Дәл осындай дерек Үржар ауданында анықталды, онда бухгалтер үш жыл бойы өзіне 3,9 миллион теңге сомасына белгіленген нормадан тыс жалақыны заңсыз аударған", - деді Рүстем Тоқбергенов.
Сондай-ақ, кейбір мекемелерде жоқ лауазымдар үшін жалақы есептелген.
"Көкпекті ауданындағы балабақша меңгерушісі ағылшын тілі мұғалімінің жалақысын ай сайын 168 мың теңге мөлшерінде заңсыз есептеген", - деді ведомство өкілі.
Қаржы жымқырудың тағы бір кең тараған тәсілі - "жоқ" адамды жұмысқа қабылдау арқылы жалақы төлеу. Директор өзінің таныстары мен туыстарын жұмысқа қабылдау туралы жалған жарлық шығарады, содан кейін оларға жалақы тағайындайды.
"Мұндай дерек Семейде анықталды. Мектепке дейінгі мекемелердің бірінде жалған жұмыспен қамтылған төрт адамға жалақы аударылды. Заңсыз аударымдар сомасы 2,6 миллион теңге болады", - деді Рүстем Тоқбергенов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!