Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы отқа оранды. Екі күн бойы тұрғындар есік-терезелерін аша алмай отыр. Бүгін де қаланы көк түтін басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаз басталса ақтөбеліктердің көретін күні - осы. Полигон өртенсе халық әбден қиналады. Бұл жолды да тұрғындар екі күн ыстың исінен тіпті көшеде жүре алмады. Әсересе, полигонға жақын ықшам аудандардың тұрғындары жанайқайларын әлеуметтік желі арқылы білдірді. Мәселе, қанша рет көтерілсе де әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Редакцияға хабарласқан "Батыс-2" ауданының тұрғыны Айгерім Құламанбаева таңертең даланың ыс сасып тұрғанын айтты.
"Осымен екінші күн болды. Таңертең таза ауа жұтайын десең, терезе аша алмайсың. Даладан ыстың исі келеді. Тұман болып тұрады. Полигон өртенсе далаға шығудан қаламыз. Бұған бір шара қолдану керек қой. Қашанғы осылай өртене береді. Ала жаздай көрген күніміз осы. Түтінге тұншықтық" - дейді Айгерім.
Қазіргі күні полигон аумағындағы тілсіз жауды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 35 техникасы мен 45 адам жұмыс істеуде.
Қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, өртті болдырмау үшін арнайы жұмыс қолға алынған. Яғни қазіргі таңда ескі полигонды топырақпен көму жұмыстары басталыпты. Бұл мақсатқа 160 миллион теңге бөлінген.
"Ескі полигонның жағдайы қала тұрғындарына жақсы таныс. 20 метр тереңдікке кеткен қоқыс метан газының түзілуінен тұтанып, соңғы жылдары жаз айларында жиі өртенеді. Қазір 42 гектар аумақты топырақпен көму және газ сыртқа шығып кетуі үшін 160 дана тұрба орнату жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар қыркүйек айының соңында аяқталуы тиіс", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ дала өртінен қорғау үшін ескі және жаңа полигонды айналдыра тереңдігі - 3, ені 5 метр болатын ор қазылып жатыр.
Облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың айтуынша, ескі полигондағы жылдап жиналған қалдықтарды сұрыптау мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселе тек көму арқылы шешіледі екен.
"Бізде сұрыптау жұмысы жүргізілмейді. Соның кесірінен қалдықтар шіріп метан газын бөледі. Облыстық әкімдік арнайы қаржы қарастырып, бірінші рет үстін топырақпен жабу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйек айында осы шаруа бітсе, бұл мәселе түбегейлі шешілуі керек. Ал кешегі өрт әлі көмілмеген жерден шығып тұр. Жалпы кез келген өрттен шығатын түтін адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Оның ішінде полигонда қалдықтың түрі бар. Өрт шыққан кезде ауадан сынама аламыз. Барлығын анықтаймыз", - деді басқарма басшысы.
Ал қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, ескі полигонның аумағынан 18 гектар болатын жаңа полигон салынған. Алайда бұл әзірге пайдалануға берілмепті. Себебі алдымен оған арнайы көліктер баруы үшін жолы тегістеулі керек. Содан кейін барып қана қалдық төгіледі.
Кәмшат Сексенбайқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!