"Тұтас қала түгелдей қазылған". Атбасарда су тарту үшін қазылған шұңқырлар ашық-шашық қалған

"Тұтас қала түгелдей қазылған". Атбасарда су тарту үшін қазылған шұңқырлар ашық-шашық қалған
Фото: gov.kz

Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында су құбырын салу үшін қазылған шұңқырлар бір жарым айдан бері жабылмай жатыр. Үйлеріне өту мұңға айналған атбасарлықтар шу көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалада су тартылатын құбырларды жаңарту мақсатында трубаларды ауыстыру үшін қазылған терең арықтар сол күйі жабылмаған. Екі айға жуық уақыт бойы қазылған шұңқырлардан өте алмаған тұрғындар жергілікті билікке наразылықтарын білдірді.

"Қылышын сүйреткен қыс таяп келеді. Құбырларды ауыстырамыз деп қазылған шұңқырлар сол күйі жабылмай жатыр. Тұтас қала түгелдей қазылып тасталған. Үйілген топырақтары шетінен құлап жатыр. Үйлерге өтетін жол жоқ. Тіпті үйге көмір әкелу, септиктен суды сорып алуға көлік жеткізе алмай қиналып отырмыз. Әкімдік еш әрекет етер емес", - дейді Атбасар қаласының тұрғыны Юрий Солонец.

Ал қала әкімдігі тұрғындардың шағымына қалада жылу және су құбырларының көбі тозығы жеткендіктен құбырларды ауыстыру жұмыстарының жалғастырылып жатқанын, жақын арада құбыр төсеу үшін қазылған шұңқырлардың жабылатынын айтып, шыдамдылық танытуын сұрады.

"Қалада су және жылу құбырлары өте тозып кеткен. Былтыр қыс бойы жарылып, қала мұздап шықты. Құбырлардың 70 пайыздан астамының тозығы жеткен. Сондықтан қазіргі уақытта жылу және су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы жиырма күнде толассыз жаңбыр жауып жұмыстарды жүргізу мүмкін болмады. Қазіргі уақытта жұмыстар жүріп жатыр. Қыркүйек айының аяғында яки қазанның басында қазылған шұңқырларды жауып, құбырларды төсеп аяқтайтын боламыз", - деді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы