Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның түйткілді мәселелерін атады. Мұның қатарында халықтың масылдыққа әуестігі, су мәселесі, шетелдегі активтердің елге қайтарылу жайы, т.б. бар. Massaget.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровпен сұхбаттасып, осы мәселелерге қатысты пікірін сұрады.
"Олигархтарға ғана көмектеспеуіміз керек"
Президент сөзінде "халыққа әлеуметтік көмек береміз деп қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет" деген мәлімдеме жасады. Бүгінде ұлттық қордан балаларға ақша да бөлініп жатыр, басқа да әлеуметтік көмек түрлері бар. Дегенмен халық арасында "аз ақша, мұны бергеннен бермегені жақсы еді" деген пікірлер де жоқ емес. Ал Ерлан Сайыров бұл мәселені шешудің жолы халықты кәсіпке үйрету екенін жеткізді.
"Мемлекеттік көмек жөнінде айтқан кезде ең бірінші Қазақстан барлығымызға ортақ мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біріншіден, мемлекеттің әлеуметтік көмегін зәру адамдар алуы керек. Екіншіден, мемлекет Қазақстанның барлық азаматына экономикалық іс-әрекетпен, яғни бизнеспен айналысуға бірдей жағдай жасауы керек. Қазақстанда халықты кәсіпкерлер ұлтына айналдыруымыз керек. Сол кезде осы мемлекеттік көмекке қол жаятын азаматтар аз болады. Бүгінгі таңда Үкіметтің саясатын, жергілікті әкімдердің жұмысын осы іспен айналысамын деген азаматтардың барлығына бірдей жағдай жасау саясатына көшіруіміз керек. Сонымен бірге, мемлекет өз бизнесін ашамын деген азаматтарға кредит мәселесін ойластыру керек. Мысалы, Қытайда әрбір азамат бизнеспен айналысамын десе, олардың пайыздық мөлшерлемесі 1 пайыздан артық болмайды және бір-екі жыл жеңілдік бар. Сондықтан Қазақстанның ең үлкен мәселесі олигархтарға ғана көмектеспеуіміз керек, қарапайым халыққа да бизнеспен айналысу үшін барлық көмек жасауымыз керек. Сол кезде біздің елімізде әлеуметтік көмекке зәру азаматтардың саны азаяды", - дейді ол.
Одан бөлек Мемлекет басшысы салық жүйесіне түбегейлі реформа қажет екенін де айтты. Мұны депутат та қуаттайды.
"Салық саясатында да үлкен реформа қажет. Кезінде Швецияның премьер-минтистрінен "Швецияның бай қуаттылығының құпиясы неде" деп сұраған екен, сонда "шведтер салық төлейді" деп жауап берген. Мемлекет барлығымызға тиесілі болғаннан кейін салық төлеуді үйренуіміз керек. Бір тиын бола ма, екі тиын бола ма, салықты уақытылы төлеу дағдысына үйрену керек", - дейді ол.
"Түсіп жатқан триллиондар Сатыбалды мен Боранбаевтың ғана ақшалары"
Тоқаев шетелдегі активтер елге қайтарылғанда "шаш ал десе, баса алатын" асыра сілтеу әдісімен жүзеге аспау керек екенін, мұның барлығы маңызы зор жобаларға пайдаланылуы қажет екенін ашық айтты.
"Заңсыз активтерді қайтаруда Мемлекет қатаң саясатын ұстану керек. Шынын айту керек, бүгінгі таңда түсіп жатқан триллиондар екі-ақ адамның - Қайрат Сатыбалды мен Боранбаевтың ғана ақшалары. Ал басқа азаматтарға ешқандай санкция қолданылып жатқан жоқ", - дейді Сайыров.
Депутаттың сөзінше, мұның бірі ұшы Назарбаевтың отбасына тікелей қатысты болуы қажет.
"Бұрынғы олигархтар, соның ішінде Құлыбаев бар, Машкевич бар, Өтемұратов бар - барлығының активтерінің заңды-заңсыздығы тексерілуі керек. Заңсыз болса, бұл активтер мемлекетке қайтуы керек. Бұл Назарбаевтың отбасына да байланысты. Активтер халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Бүкіл олигарх капиталы заңды екенін дәлелдеп беруі керек. Дәлелдемесе мемлекетке қайтаруы керек", - деді ол.
"Қазақстан су тапшылығына ұшырайды"
Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселе құрғақшылық тақырыбы болды. Өйткені қазірдің өзінде оңтүстік өңірлер мұны сезініп отыр. Мемлекет басшысы Су министрлігінің жұмысына көңілі толмайтынын да көрсетті.
Депутат Ерлан Сайыров та өзге елдермен келісімшартқа отырғанда қазақ мүддесі қорғалуы керек екенін айтады.
"Қазақстан жақын арада су тапшылығына ұшырайды. Өйткені Қазақстанның су бассейндерін қалыптастыратын ірі-ірі су көздерінің бәрі шеттен келеді. Ертіс-Зайсан бассейні, Іле-Балқаш бассейні, Жайық-Каспий бассейінінің барлығының суы шетелден келеді. Қазірден бастап суды үнемдеуге дағдылану керек. Оған үлкен мәдениет керек. Су ресурстары министрлігі ешқандай жұмыс істеп отырған жоқ. Олар тек статистика ретінде айтып отыр. Нақты ешқандай қадамдарын көріп отырған жоқпыз. Бұл министрліктің жұмысы екі бағытта болуы керек: біріншіден, шетелдермен келіссөзге отырған кезде Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау керек, екіншіден, Қазақстанда суды үнемді пайдаланудың мәдениетін қалыптастыру керек. Әзірге бұл министрлік өзін ешқандай жағынан көрсетіп отырған жоқ. Шыны керек, жұмысы сын көтермейді", - деп түйіндеді әңгімесін депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!