Алматыда Төле би мен Абылай хан даңғылының қиылысында соқтығысқан автобустардың жол көлік оқиғасына орай сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бағдаршамға үлгеремін деп бір адамның өліміне сеп болған автобустар апатына қатысты сот үкімі сегіз айдан кейін шығарылды. 201 және 98 автобустардың қатысуымен болған апатқа жеке компанияға тиесілі № 98 автобус жүргізушісі кінәлі деп танылды. Абсадыков адам өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзғаны үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Абсадыков бағдаршамның сары түсіне өткен. Абылайхан даңғылы басымдық жол. Оны кесу сызығын өткен кезде сары түстің жанғанын айтып, бір ғана дәлелмен айыптаған. Мен бұнымен келіспеймін. Жол жүру нормасының 5 бөлім 14-тармағы бойынша жол қиылысы бос болған жағдайда, кедергі болмаған жағдайда жүруге рұқсат береді. Абдуллаев түсініксіз психикалық жағдайда болды. Ешқандай кедергісіз келіп соғуы мүлде түсініксіз", -деді айыпталушының адвокаты.
Сонымен қатар айыпталушы өзінің соңғы сөзінде сот орындаушылары келтірген дәлелдерін елемегендігін айтып, мәселені қайта қарауды сұрады.
"№201 автобустың жүргізушісі Азатжан Абдоллаев жүргізген автобус Алматы қаласы әкімдігіне қарайды. Сол себепті Абдоллаевтың қателіктері қанша рет айтылса да, қоғамдық қорғау органдарының қызметкерлері көрмей, тіпті байқамай отыр. Менің түсінігім, адам құқығын сотта қорғау үшін мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу керек екен. Сотта жәбірленуші тараптың арыз шағымдары ескеріледі деп ойлап едім",- деді айыпталушы Абсадыков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!