Әлеуметтік желіде түсінде күйеуінің көзіне шөп салғанын көріп, ертеңгісін оған ренжіп жүрген әйелдер жайлы қалжыңдап түсірілген видеоларды көрген боларсыз?! Бұл бір жағынан күлкілі, екінші жағынан мұндай әйелдерді түсінуге болады. Себебі әдетте түстегі барлық сезім шынайы өмірдегідей сезіледі. Оған қоса, түсіңіздегі жағымсыз сезім ұйқыдан тұрғаннан кейін де біразға дейін мазалап, көңіл күйіңізді түсіруі мүмкін. Ендеше, мұндай түс нені білдіруі мүмкін?
Түсіңде күйеуіңіздің көзіңізге шөп салғанын көру жағымсыз сезім қалдыруы мүмкін. Бірақ өз басыңызда болған нәрсеге серігіңізді кінәлау да дұрыс емес. Ұйқы – біздің психикамыздан туындайтын нәрсе болса, сұрақтардың жауабын өзіңізден іздеген жөн болар.
Біріншіден, өзіңізді тартымды немесе лайықты санамайсыз. Мысалы, артық салмақ қосып алдыңыз, босанғаннан кейін өзгеріп кеттіңіз және т.б. Бір сөзбен айтқанда өзіңізге деген сенімділігіңіз түсіп кетті. Өзіңізге көңіліңіз толмағандықтан, осындай жағымсыз түс көрген болуыңыз мүмкін.
Екіншіден, бұл сіздің қорқынышыңыздан туындаған түс болуы мүмкін. Шынайы өмірде оның адалдығына күмәндансаңыз немесе оның басқа әйелдерге деген қызығушылығы жайлы білсеңіз, түсіңізде оның опасыздық жасағанын көруіңіз мүмкін.
Үшіншіден, кейде қорқыныш бейсаналы болуы мүмкін. Бұл шынайы өмірде қарым-қатынасыңызда бәрі жақсы болған жағдайға қатысты. Бейсаналы қорқынышты өз бетіңізше анықтау қиын болуы мүмкін. Мысалы, ол бұрынғы қарым-қатынасыңызда болған жағымсыз жайт немесе ата-анаңыздың арасында болған кикілжіңнен туындаған болуы мүмкін.
Төртіншіден, егер мұндай түсті тек бір рет көрсеңіз, оған аса мән берудің қажеті жоқ. Себебі ол жақында көрген фильм, оқыған кітап немесе құрбыңыздан естіген әңгіменің салдарынан болуы мүмкін.