Ақтөбе облысында заңсыз ойын бизнесін онлайн форматта (интернет казино) ұйымдастырғандарға қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылар Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттарға сілтеме мен біржолғы логин, пароль беріп, ойыншылардан банк қосымшасы арқылы ставкалар қабылдаған.
Осылайша, олар ойыншыларға нақты ұтыстар беріп, тиісті лицензиясыз құмар ойын түріндегі заңсыз қызмет көрсеткен.
"Алдын ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржы 490 миллион теңге болады. Ойыншылар саны 800 адамнан асады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды заңсыз ойын бизнесіне тарту деректері тексеріліп жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.
Жүргізілген тінту нәтижелері бойынша заңсыз ойын қызметіне қатысты заттар мен құжаттар, қаражат тәркіленді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз