- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түшкіру мен жөтелудің...
Түшкіру мен жөтелудің көпшілік біле бермейтін қаупі айтылды
Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасы жанындағы емхананың дәрігер-фтизиатры Қаракөз Өтемұратова мен СӨС кабинетінің мейірбикесі Асыл-Ажар Жанғазиева туберкулезді ерте анықтау жолдарын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туберкулез - жас, әлеуметтік орта таңдамайтын, адамнан адамға ауамен таралатын кесел. Яғни өкпе туберкулезі бар адамдар жөтелгенде, түшкіргенде ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Сондай бактериялардың аз ғана мөлшерінің өзі жолындағысын "жайпап" кетуге қауқарлы. Сондықтан адамдар, әсіресе, қоғамдық орындарда түшкіру, жөтелу әдебін де сақтағаны абзал.
"Туберкулез қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады. Мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті, олар жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырығымен бірге, түшкірген және сөйлеген кезде қоршаған ортаға миллиондаған микобактериялар бөледі. Ал оны иммунитеті тым әлсіз, дұрыс тамақтанбайтын және гигиеналық тазалық сақтамайтын адамдар тез жұқтырып алады", - дейді дәрігер-фтизиатр Қаракөз Өтемұратова.
Сондай-ақ, ол туберкулезге жол ашатын маскүнемдік, темекі шегу, нашақорлық сынды факторлар туралы да айтты.
Бұл кеселді жұқтырып алмаудың ең дұрыс жолы - жыл мезгілдеріне қарамастан таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу, дәрумендерге бай тамақтарды тұтыну, ұйқының дұрыс болуына мән беру, жеке гигиена ережелерін сақтау.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова