Бүгінде фуршет түрлі іс-шараларда сәнге айналған. Әсіресе, басқосуларда, конференция, форумдарда дастархан жайылады. Адамдар үстел айналасында тұрып тамақтанады. Осы орайда маман мұның қаншалық зиян екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халық танымында "судың өзін отырып ішу керек, асығыс болсаң да тізе бүгіп, нан ауыз ти" деген түсінік қалыптасқан. Дәрігер Нәзира Күлебаеваның айтуынша, тұрып тамақ ішу әр адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін.
"Тамақты тұрып жеуге болмайды деп айту - даулы мәселе. Бұл біреуге зиян, ал біреуге керісінше пайдалы болуы мүмкін. Жалпы адам тамақты тұрып жегенде, ол ағзаға қажет мөлшерден көп тамақ жей алады. Асқазан созылуы және бұл асқазанның летаргиясына әкеп соғуы ықтимал. Сонымен қатар, шамадан тыс тамақтану семіздікке әкеп соғуы мүмкін", - деді ол.
Маман пікірінше, фуршеттерде тек қатты тағамдар беріледі, ал оларды мұқият шайнау керек.
"Ресми іс-шараларда адам тікесінен тік тұрады. Сондықтан адам өзін үйдегідегідей жайлы емес, ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Тамақты асығыс, әрі толығымен шайнамай жей беруі мүмкін. Бұл асқазанға ауырлық түсіріп, ас қорыту жұмысын қиындатады", - деп түсіндірді дәрігер.
Дегенмен тұрып тамақтанудың жағымды жақтары да бар болып шықты.
"Бұл асқазан қыжылы мен гастроэзофагеальды рефлюкс ауруының белгілерін жеңілдетуі мүмкін. Өйткені рефлюкс асқазандағы шамадан тыс қысымнан туындайды. Сондай-ақ, адам тұрып жегенде, отырып тамақтанғанға қарағанда көбірек энергия жұмсайды. Бұл салмақ тастағысы келетіндер үшін тиімді", - деді Нәзира Күлебаева.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз