Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде пайымын бөлісті.
"Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы да ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты.
"Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова