Интернетке қосылатын тұрмыстық техника кибершабуылдардың келесі нысанасына айналуы ықтимал, деп хабарлайды Massaget.kz 01net басылымына сілтеме жасап.
Жаңа қауіп туралы ЕО Киберқауіпсіздік агенттігінің (ENISA) атқарушы директоры Юхан Лепассаар ескертті. AFP агенттігіне берген сұхбатында ол Еуропаның бірнеше елінде супермаркеттердің тоңазытқыш жабдықтарына жасалған соңғы шабуылдарды еске салды. Оның бағалауынша, келесі нысана үй роутерлері мен тұрмыстық құрылғылар болуы мүмкін.
Әңгіме желіге қосылатын техника: кір жуу машиналары, пештер, робот-шаңсорғыштар және термостаттар туралы болып отыр. Мұндай байланыс құрылғыларды қашықтан басқаруға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге бұзып кіру әрекеттеріне жол ашады. Лепассаар пәтерлердегі құрылғыларға жасалған жаппай шабуылдар туралы емес, ықтимал қауіп туралы ескертеді.
Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, үйлердегі интернетке қосылған құрылғылардың саны қарқынды өсіп келеді. Алайда әр құрылғының қауіпсіздігі өндірушінің бағдарламалық жасақтаманы қалай тексеретініне және түзетулерді қалай шығаратынына байланысты.
Қауіпті азайту үшін ENISA құрылғылардың бағдарламалары мен микробағдарламасын жаңартып отыруды, роутердің стандартты құпиясөзін ауыстыруды және қашықтан басқару қажет болмаса, оны өшіріп қоюды ұсынады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!