Тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Енді әйелдер қандай құқықтарға ие?

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң 15 маусымнан бастап күшіне енді. Енді отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендерге жаза қатаңдатылды. Massaget.kz тілшісі заңға байланысты өзгерістерге шолу жасады.

Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. 

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық


Заң бойынша енді кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ педофилдерге енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. 121-бап бойынша кішкентай балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандар да өмір бойына түрмеге тоғытылады.

Кәмелетке толмаған балаларға сексуальдық сипатта тиісу бойынша Қылмыстық кодекске жаңа 121-1-бап "Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу" қосылды. Бұл бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып немесе онсыз, 200 АЕК дейін түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту мақсатында "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" және "Ұру" баптары Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстен алынып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Бұл қылмысқа барғандар "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша 200 АЕК дейін айыппұл төлейді не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 50 тәулікке қамауға алынады.

Жұмыс беруші тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынатын ұйымдарға түскен қызметкеріне Еңбек кодексінің 97-бабы бойынша жалақысы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын демалыс беруге міндетті. Жалақы сақталмайтын демалыс жәбірленушінің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі. Хабарламада демалыстың ұзақтығы көрсетіліп, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі қоса берілуі керек.

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру

Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағандар "Ұрып-соғу" бабы бойынша 80 АЕК дейін айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп аталатын 106-баппен айыпталғандар 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

Аса қатыгездікпен және қорлау 

Енді аса қатыгездікпен және қорлау арқылы жасалған бір реттік зорлық-зомбылық азаптауға жатқызылады. Бұл бап бойынша 1000 АЕК дейін түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

Өзін-өзі өлтіруді насихаттау

Қылмыстық кодекске  "Өзін-өзі өлтіруді насихаттау" бабы енгізілді. Егер суицидті әлеуметтік желіде немесе тағы басқа жолдармен насихаттаудың арты адам өлімімен аяқталса, насихаттаушы үш жылдан бес жылға сотталады.

Буллинг, кибербуллинг

Кәмелетке толмаған бала буллингке ұшыраса, алдымен ескерту жасалады немесе 10 АЕК айыппұл салынады. Егер дәл осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанса, құқықбұзушы 30 АЕК айыппұл арқалайды. Егер буллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар жасаса, онда ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар ескерту алады немесе 10 АЕК айыппұл төлейді.

Жаңа заң бойынша ата-анасы және (немесе) заңды өкілі ертіп жүрмеген 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынып отыр. Егер жүргізуші немесе кондуктор баланы автобустан түсіріп тастаса, оларға 5 АЕК айыппұл салынады. 

Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу

Қылмыстық кодекске жаңа "Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу" деп аталатын бап қосылды. Яғни сот қылмыстық құқықбұзушылық жасаған агрессорды үш айдан бір жылға дейін психологиялық көмектен өтуге мәжбүрлей алады. 

Сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға жәбірленушімен бірге жер үйде, пәтерде немесе өзге де баспанада тұруға тыйым салуға құқылы. Мұндай құқықтық ықпал ету шарасы отыз тәулікке дейін қолданылады.

Зорлық-зомбылық оқиғаларын хабарлау

Енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын қабылдауға БАҚ-тағы немесе онлайн платформалардағы зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарлама негіз бола алады. Сондай-ақ білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған не оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті.

Бала құқығына қол сұғушылық, психологиялық күйзеліс, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу мақсатында оқиғаны көрген кез келген куәгер "111" телефонына тегін қоңырау шалып, хабарлай алады. "111" байланыс орталығы азаматтарға кеңес береді, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді, келіп түскен өтініштер туралы мемлекеттік органдарды ақпараттандырады, мемлекеттік органдар байланыс орталығына қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!