- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түрменің кесірінен ауыл...
Түрменің кесірінен ауыл тұрғындары ұялы телефон байланысынан қол үзіп қалды
Қарағанды облысында түрменің кесірінен ауыл тұрғындары ұялы телефон байланысынан қол үзіп қалды. Бұл мәселе бүгін ғана туындаған жайт емес. Түзеу мекемесіне жақын орналасқан кент тұрғындары түрменің зардабын тартып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Александр Колеганов - Долинка кентінің жергілікті өзін-өзі басқару өкілі. Ол жүздеген адамның атынан көпшілікке ұялы байланыстың жоғын айтып, дабыл қақты. Өйткені мәселені жергілікті деңгейде өз бетінше шешу мүмкін болмай отыр.
"Кент тұрғындары өркениеттен ада қалды. Не жедел жәрдем қызметін, не өртсөндіру қызметін шақыра алмай отырмыз. Қазіргідей заманда ұялы байланыссыз, ғаламторсыз отыру өте қиын", - дейді Долинка кентінің тұрғыны Александр Колеганов.
Түрмеде жаңадан орнатылған ұялы байланысты "тұмшалап тастайтын" қондырғылары Долинка кентін, сондай-ақ, Новодолинский, Жартас, Солтүстік-Батыс ГРП және оған жақын елді мекендерді қамтып, жұмыс істейді. Адамдар АК 159/7 түзеу мекемесінде басшылық олардың жеке өміріне кедергі келтіріп отырғанын жазған. Долинка кентінде зейнеткерлер тіпті жедел-жәрдем шақыра алмай, қатты қиналған.
"Ай сайын ұялы байланыс үшін қыруар ақша төлейміз. Маңайдағы түзеу мекемесі біздің байланысты шектеп отыр. Одан қарапайым халық зардап шегіп отыр", - дейді ауыл тұрғындары.
Ұялы байланысты "тұншықтыратын" қондырғыны қайтадан қалыпқа келтіруге уәде берілген, бірақ ол жұмыс ілгерілемей тұр. Кент әкімдігі ұялы байланысты "тұншықтырғыш" құралдарының ведомстволық бағынысты мекемелердің аумағынан тыс бұғаттауын жою үшін шұғыл шаралар қабылдау мәселесі бойынша ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) хат жолдады. Сондай-ақ, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитетінің өңіраралық байланыс инспекциясына өтініштер жолданды.
"Облыс бойынша ҚАЖД мекемелерінде күзетті қамтамасыз ету мақсатында ұялы байланысты "тұншықтыру" құралдары қолданылады. Қазір ұялы байланыс операторларының өкілдері, байланыс инспекциясы мекеме қызметкерлерімен бірлесіп ақауларды жою бойынша жұмыстар жүргізп жатыр", - дейді Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД ресми өкілі Ерлан Бейсекеев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы