- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түрмеге сәлемдеме ретінде...
Түрмеге сәлемдеме ретінде әкелінген кәмпиттің ішінен күтпеген зат шыққан
Өскемен қаласының №22 түзеу мекемесінде есірткі заттарын кіргізу әрекетіне тосқауыл қойылды. Сотталғандардың біріне жіберілген сәлемдемені тексеру кезінде мекеме қызметкерлері "тосынсыйға" куә болды, кәмпит пен басқа да азық-түлік өнімдерінің арасына жасырылған есірткі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сәлемдеме сырттай қарағанда ешқандай күдік тудырмайды. Себебі ішінде кәдімгі тәттілер болды: кәмпит, круассан, құрма, сондай-ақ дымқыл майлықтар. Алайда ҚР ІІМ Ұлттық ұлан және облыстық ҚАЖД-ға қарасты түзеу мекемесі қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсібилігі шешуші рөл атқарды.
Пакетті мұқият тексеру кезінде өнімдердің ішінен ұнтақты заттың 12 пакеті табылған. Бұл әрекетті жасаған адам – сотталушының танысы, Алматы қаласының тұрғыны екен. Ол күзетшілерді алдап, есірткіні азық-түлік ретінде бүркемелеу арқылы беруге тырысты.
Сөмкелерде ерекше иісі бар қою жасыл түсті зат болды, бұл бақылаушылардың назарын бірден аударды. Күмәнді заттар бірден тәркіленіп, химиялық сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижелері бойынша заттың нақты шығу тегі мен құрамы анықталады.
Дегенмен заңсыз әрекетті жасаған азаматтың тыйым салынған заттарды түрмеге өткізуге тырысқаны анық. Айта кету керек, мұндай жағдайлар болып тұрады, құқықбұзушылар жазасын өтеп жатқан таныстарына есірткі заттарын жеткізу жолында түрлі айла-тәсілді ойлап табады. Олар аяқ киім мен киімнен бастап, азық-түлік пен жеке күтім заттарына дейін күтпеген жерлерге барынша "тосынсыйлар" жасырып, әртүрлі әдістер мен амалдарды қолданады.
Алайда түзеу мекеме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тәжірибесінің арқасында мұндай әрекеттер әшкере болады. Күдікті - Алматы тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 2-бөлігі (Елеулі мөлшерде жасалған есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау не жөнелту) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді ол осы әрекеттері үшін заң алдында жауап береді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина