Коллекторлар кредит төлей алмай жүрген адамдардан ақша өндіріп алу үшін түрлі нәрселер айтып, қорқытып жатады. Олардың бұл әрекеті заңды ма? Бұл сұраққа заңгер Дүйсенғали Мухамедияр Нұрғалиұлы өзінің инстаграм парақшасында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңгерге оқырмандарынан "несие төлей алмай қалдым, мені түрмеге жабайын деп жатыр" деген секілді сұрақтар келеді екен.
"Бұл жерде шешіп алатын бір мәселе бар. Несие алушы және несие беруші арасында қылмыстық жауапкершілік мүлдем қарастырылмаған, сондықтан бұл коллекторлардың барынша қорқытып, бопсалап, өндірудің қитұрқы әрекеттері. Жалпы бұл әрекеттері үшін коллекторларды жауапқа тартуға мүмкіндіктеріңіз бар. Несие алушы мен беруші тек азаматтық тәртіппен қарастырылғаннан кейін сіздің әрі кетсе шотыңызды бұғатқа қойып, мемлекеттен шығуға тыйым салуға құқықтары бар. Әрине, ол жеке сот орындаушы арқылы", - деп жауап берді Мухамедияр Нұрғалиұлы.
Қарызға батып өмір сүруге қаржылық сауатсыздық, жиі кредит алу, туыстары мен достарынан қарыз алу әдеті әсер етеді. Кредит төлей алмай жүргендердің жиі жіберетін қателіктерін мына жерден оқи аласыздар.