Түрмедегі алаяқтар бір жылда екі миллиард теңгені қалтасына басқан

Түрмеде отырып жазасын өтеп жатқандар қылмыстық топты басқарған. Абақтыдағы Call-орталықтарында отырғандар сайттардағы хабарландырудан тапқан люкс машиналардың иеcімен келіссөз жүргізсе, қалған шаруаны бостандықтағы жандайшаптары реттеген. Осылайша, жұрттың 2 млрд теңгесін иемденген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Киноға бергісіз шым-шытырық қылмысты ашу үшін ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен прокуратура бірлесе арнайы операция ұйымдастырды. Тінткен кезде ақша, банк карталары, діни әдебиетпен қоса есеп-қисап жүргізген журналдарына дейін табылған. Сөйтіп, темір тордан талайды тақырға отырғызған.

Төңіректі шыркөбелек айналған бұл ұшақтар мен тікұшақтар, арнайы оқ өтпейтін көліктер тектен‑текке жүрген жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен прокуратура соңғы уақытта әшкере болған ең ірі ұйымдасқан қылмыстық топтың ізіне түскен. Арнайы операция бір мезетте Қазақстанның тең жартысын қамтыды. Түрмедегі алаяқтар түздегілермен қосылып, бір жылда екі миллиард теңгені қалтасына басқан.

Қылмыстық топ бұл жолы сақтық шараларын мейлінше қолға алғаны көрініп-ақ тұр. Құжаттарынан кілтипан таппайтындай, мінсіз логистикалық компания ашады, арнайы мобилограф жалдап, сайттың жарнамасын сайлап қояды. Тек содан кейін ғана қарапайым қарашаға көлікті тиімді бағамен "кез келген қаладан тасымалдап береміз" деп уәдені үйіп-төгеді. Құрығына тек қымбат машина иелерін түсіруге тырысқан. Сөйтіп "басқа қалаға жөнелттім" деген көлігі, не тілдескен адамы ақшамен қоса жоқ болып, зар илеп қалады.

Қолды болған құны әжептәуір көліктердің әрі қарайғы тағдыры да белгілі. Бірден автомобильдердің вин-коды өзгертіліп, шетелге сатып жіберіліп отырған. Қылмыстық топтың қолы ұзын болғаны сонша, еліміздің бірден тоғыз өңірінде айласын іске асырып отырыпты. Ал бәрін басқарып, пәрмен беріп отырғандар Алматы облысындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан сотталушылар екен. Түрме серкелерінің шоттарына ай емес, күн сайын қомақты сома түсіп отырған. Қаражат жіберушілер түрін жасырып қалмақ ниетте банкомат алдында түрлі мотоцикл дулығасын киген.

Құқық қорғау органдары жүздеген адамды не ақшасыз, не көліксіз далада тентіретіп қойған қылмыстық топтың барлығын қолға түсірді. Бас-аяғы елуден астам қылмыскер түскен ақшаны құмар ойындарына салып, қызық қуған. Абақтыдағы камераны тінткенде топ басшыларынан діни кітаптар мен мыңдаған банк картасы табылған. Ұсталғандардың басқа да қылмысқа бар-жоғы мұқият тексеріліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!