Ішкі істер министрлігі қылмыстық рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін екенін түсіндірді. Қазір ведомство өзге мемлекеттік органдармен бірге Мәжіліс қарауындағы заң жобасын талқылауға қатысып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылық және ауырлығы төмен қылмыс жасағандарға қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ орташа ауырлықтағы қылмыс үшін сотталғандар да рақымшылыққа ілігуі ықтимал. Бірақ ол үшін келтірілген залал болмауы немесе толық өтелуі керек.
Кейбір санаттағы сотталғандарға қылмыстың ауырлығына және олардың жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқына қарай жаза мерзімін қысқарту қарастырылады.
"Қылмыстық рақымшылық шаралары 15 мыңнан астам адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталған бар. Заң жобасы белгіленген талаптарды сақтап, заңға бағынатын өмірге дайын екенін дәлелдеген азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беруге бағытталған", – деді ІІМ Заң және норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлден.
Сонымен қатар рақымшылық барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайды. Террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандар, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткендер, азаптауға қатысы барлар, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді.
Бұдан бөлек, қылмыс қайталанған жағдайда да рақымшылық қолданылмайды.
Бұған дейін Қазақстанда алдағы қылмыстық және әкімшілік рақымшылықтың негізгі шарттары пысықталып жатқаны хабарланған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!