Түрмеде шопан болған. Қазақ зиялыларының әйелдері отырған АЛЖИР-дегі аянышты оқиғалар

Түрмеде шопан болған. Қазақ зиялыларының әйелдері отырған АЛЖИР-дегі аянышты оқиғалар
Фото: Видеодан алынған кадр

Тарихи деректерге зер салсақ, ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстанда еңбекпен түзету лагерьлерін құру туралы қаулы қабылданған. Қазақ тарихындағы лагерьлердің бірі АЛЖИР деген атаумен белгілі. Ал бұл атаудың толық нұсқасы - Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері. Бұл лагерь 1937 жылы арнайы бұйрықпен салынған. Massaget.kz тілшісі осы лагерьде кімдер отырғанына, онда қандай оқиғалар болғанына шолу жасады.

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, мұнда 20 мыңдай әйел отырған. Оның ішінде 62 ұлт өкілі болғаны айтылады. Бұл қатарда қазақ зиялыларының әйелдері, қарындастары, жақындары болған. Бұл нысан "26-нүкте" деп те аталған. Ал лагерьге Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азиядан әйелдер әкелінген. 

Видеодан алынған кадр

Гертруда Платайстың естеліктері

АЛЖИР-де сегіз жыл отырған неміс әйелі Гертруда Платайстың естеліктерінде құртқа қатысты оқиға айтылады. Әйелдер қамыс жинау үшін жұмыс істеп жүргенде, қазақтар жол жиегіне тұрып, оларға тас лақтыра бастаған. Әйелдердің бірі сүрініп, етбетімен құлап түскен. Сөйтіп, ол осы тастардың иісін сезген, одан қышқыл сүттің иісі сезілген. Осылайша, олар бұл құрт екенін түсінген.  

Арнайы есімдері болған

АЛЖИР лагерінде ұлт зиялылары Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Тұрар Рысқұловтың, Сейітқали Мендешовтің, Темірбек Жүргеновтің, Санжар Асфендияровтың әйелдері де отырған. 

"АЛЖИР тұтқындары тергеу бөліміне келуге қорқатын болған. Оларды табандарын еденге жетпейтіндей биік орындыққа отырғызып, ұзақ уақыт тергегенде, аяғындағы тамырлары ісініп, аяқтары ұйып қалатын болған. Олардың өздерінің аттары болған. Мысалы, "1235" немесе "7235" деп нөмірлерімен атаған", - дейді мұражай қызметкері "Таңғы хабар" арнасына берген сұхбатында. 

Өзгермейтін ас мәзірі

Қазір бұл тарихи орында мемориалдық мұражай ашылған.

Видеодан алынған кадр 

Ал осы музейдің ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, АЛЖИР тұтқындарының күндері бір-бірінен өзгешеленбеген: барақ алдында түгендеу, асханадан бір ожау сұйық ботқа ішу, қара жұмыс. Ас мәзірі де өзгермеген: қара нан, көже. Тұтқындар аштық азабын әбден тартқан. Денсаулықтарында кінәрат болса да, оларға тамақ туралы айтуға рұқсат берілмеген. 

"Ең басында 18 гектар жерді жеміс өсіру үшін жырттық. Оның өзінде барлық жұмыс күрек көмегімен қолмен жүзеге асырылды. Мұраптар бригадасының бригадирі едім. Елдің бәрі ұйқыда жатқан кезде таңғы сағат 4-те тұрып, кеш келетінмін. Бақшаның басында 14-15 сағат демалыссыз жұмыс істейтінбіз. Жеміс піскен кезде, қызанақ, сәбіздерді бараққа тығып алып баратынбыз, оларды ауру әйелдерге балаларға беретінбіз", - делінген К.Мальцеваның естелігінде

Ал барақ кеңеске қарсы әрекеттерге баратын "қауіпті тұтқын әйелдер" тұрған үй болған.

museum-alzhir.kz

Тұрар Рысқұловтың жұбайы да отырған

Азиза Рысқұлова - белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әйелі. Азиза Рысқұловаға да 8 жылға үкім шығарылған. Ол Ақмолаға Мәскеудегі Бутыр түрмесінен келген. АЛЖИР-де қанша уақыт отырғаны белгісіз, алайда Қарлагтан 1946 жылы босатылғаны айтылады.

Мұражай деректеріне сүйенсек, ол күйеуімен Алматыда кездескен. Ол кезде жасы 17-ден асқан. 1931 жылы Азизаның отбасы Мәскеуге көшіп келген. Ол мұнда Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шыққан. 1937 жылы мамырда Рысқұловтар отбасы Кисловодск қаласына қысқа мерзімді демалысқа келген, онда Тұрар Рысқұлов қамауға алынған. Осы кезде Азиза кіші қызына жүкті болған. Босануына 40 күн қалған. Тұрар Рысқұлов сегіз жарым айдан кейін 58 бап бойынша сотталып, 1938 жылдың 10 ақпанына қараған түні атылған.

1938 жылы 30 сәуірде Азизаны емшектегі қызы Ридамен бірге Қарағанды лагерінің 26-нүктесіне айдап жіберген. Бес жасқа толмаған үлкен қызы Сәуле Украинаға, Одесса облысы Дубки ауылына балалар үйіне жіберілген. Азиза түрмеде ветеринария дәрігері болып жұмыс істеген. Ол білікті ветеринар болған. Түрмеден босатылғаннан кейін әйелдердің естеліктерінде Азизаның лагерьде сотталған әйелдерді тамақтандырғаны айтылады. Бұл жайт әдетте мал сою кезінде болған. Азиза түнде жасырын түрде ұрланған бөліктерді қайнатып, оларды аш адамдарға беріп отырған. 

Сегіз жылдық мерзім аяқталғаннан кейін оған Риданы Осакаров балалар үйінен алуға рұқсат берілген. Ал үлкен қызы Сәуле бірде-бір жоғары оқу орнына жақсы бағамен қабылданбаған. Лагерьден оралғаннан кейін ветеринария дәрігері болып, қалалық ветеринария-санитария қызмет жүйесінде жұмыс істеген. 1956 жылы Тұрар Рысқұлов ақталған. Олардың үйі де қайтарылған. Алайда Азиза Мәскеуден пәтер алудан үзілді-кесілді бас тартқан. Оларға Алматыдан екі бөлмелі пәтер берілген. Осылайша, олар Қазақстанда өмір сүрген.

Майлиннің жары түрмеде шопан болған

Ал Гүлжамал Майлина - қазақ жазушысы, драматург Бейімбет Майлиннің әйелі. Оған 5 жылға үкім шығарылған. Қарлагтан 1943 жылы босатылған.

АЛЖИР мұражайының деректеріне сүйенсек, 1938 жылы Бейімбет Майлин айыпталып, ату жазасына кесілген. Осыдан кейін Гүлжамал да тұтқындалып, Қарлагқа жіберілген. Өз мерзімін "АЛЖИР-де", сондай-ақ, шопан болып жұмыс істеген Батық лагерь бөлімшесінде өтеген. Бейімбет пен Гүлжамалдың балалары да зардап шеккен. Еділ, Рәзия және Мереке Семей балалар үйінде болса, Аукен соғыс жылдарында айыппұл батальонына түскен, өйткені ол "халық жауының" ұлы болған. Кейінірек хабар-ошарсыз кеткен. Кіші қызы Гүлсім Осакаров балалар үйіне түскен.

Түрмеде отырған әйелдер жұмыс істеген. Ал Гүлжамал шопан болған. Ол өз естелігінде бір кездері елу бас қой жоғалтқанын айтқан екен. Лагерь бастығы қойлар табылмаса, мерзімі ұзартылатынын айтып қорқытқан. Мал іздеген Киров атындағы совхозға барып, ауыл шетіндегі үйге кірген. Үйден кішкентай балаларды көріп, өз балаларын есіне алып, жылай бастаған. Үй иесі оны тыныштандырып, шай беріп, көршілерін шақырды. Кейін Бейімбет Майлиннің әйелі екенін білген совхоз директоры орнынан тұрып, ауылдың барлық жігіті қой іздеуге баратынын, табылмаса, әр үйден қошқар берілетінін айтқан. Осылайша, жоғалған қойлар да табылған.

Бостандыққа шыққаннан кейін ол Қарағандыда ұлдары мен қыздарымен бірге тұрған. Мұнда да қиын тұрмысты бастан кешірген: шахтерлердің киімін жуып, көмір кәсіпорындарының әкімшілік ғимараттарында еден жуған. Ол көп ұзамай ақталып, Алматыдағы пәтерін қайтарған. Ал кіші қызы Гүлсім мектепті үздік бітірсе де, институтқа түсе алмаған. Барлық жерде "халық жауының" қызы деген жаламен қабылданбаған. Кейін Мұхтар Әуезовтің араласуымен медициналық институтқа қабылданған. Оқуды бітірген Гүлсім Алматыдағы бірінші қалалық ауруханада жұмыс істеген. Ол немересін әкесінің құрметіне Бейімбет деп атаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова