- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түрлі стратегиялар әзірлеу...
Түрлі стратегиялар әзірлеу барысында Сингапурдың тәжірибесін мұқият зерделеп отырамыз - Елбасы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың Құрметті аға министрі, Парламент мүшесі Го Чок Тонгпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде экономиканың түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері жан-жақты талқыланды.
Елбасы Сингапурдың инновация, технология және қаржы салаларындағы тәжірибесі аса бағалы екенін атап өтті.
- Тәуелсіздіктің 25 жылында біз Сингапурмен тығыз қарым-қатынас жүргізіп келеміз және сіздердің елдеріңізді әрдайым өзіндік бағдар ретінде бағалаймыз. Сингапур қала-мемлекет екеніне қарамастан, әлемнің көптеген елдері үшін дамудың тиімді үлгісі бола білді. Біздің мемлекет құрудағы жолдарымыз көп жағдайда ұқсас. Осыған байланысты түрлі бағдарламалар мен стратегиялар әзірлеу және іске асыру барысында сіздің елдің тәжірибесін мұқият зерделеп отырамыз, - деді Қазақстан Президенті.
Го Чок Тонг Қазақстанға шақырғаны және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
- Мен сіздің елде алғаш рет болып отырмын және оның даму қарқынына тәнтімін. Елдеріміздің арасында тығыз серіктестік байланыс орнағанына қуаныштымын. Қазір Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықтың барлық басты бағыттары айқындалған - деді Го Чок Тонг.
Соңында Елбасы мен Го Чок Тонг елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
T. Кіршібаев