- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістандық оқушылардың мамандық...
Түркістандық оқушылардың мамандық таңдау бойынша ойы бір күнде қалай өзгерді?
Түркістан облысы Сауран ауданы Ынтымақ ауылындағы Молда Мұса мектебінің 10-сынып оқушысы Роза Пердеханқызы болашақта журналист болғысы келеді. Ол ҰБТ-да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін таңдап отыр. Ата-анасы оған "Осы пәндердің мұғалімі бол" деп айтқан. Роза әке-шешесінің көңілін қалдырғысы келмей, келіскен. Алайда оның бүгін оқушыларға арналған біркүндік өнеркәсіптік тур кезінде ойы өзгерді.
Розаның сөзінше, әр түлек мамандығын ата-анасы немесе айналасындағылардың мәжбүрлеуімен емес, өзі таңдауы керек.
"Алдымда екі таңдау тұр: Түркияға оқуға түскім келеді, бұл үшін ҰБТ-дан жоғары балл жинаудың керегі жоқ немесе Қазақстанда қалып, филология факультетінде білім алғым келеді. Осылайша, келешекте мұғалім де, журналист те бола аламын.
Журналистика ешқашан жойылмайтын мамандық. Бұл – жанымның қалауы. Әркімнің өз қалауы болады. Мұны еркін айта білгені дұрыс. "Жұрттың сөзі" адамдарды, әсіресе, түлектерді сенімінен айырады" деп есептеймін. Сол себепті өзгенің айтқанына ермей, жүрегіңнің қалауын тыңдаған жөн. Өзім бүгін осыны анық түсіндім", - дейді ол.
Роза Пердеханқызы тур кезінде болашақта таңдап отырған мамандығына қажет болатын бірнеше машықты дамыта түскен. Ол әр спикерге қысылмай сұрақ қойып, сұхбат алуды үйренген.
"Мен кітаптарды Кайдзен әдісімен оқыдым. Бұл дегеніміз – күн сайын үздіксіз оқу арқылы біліміңді, машығыңды жетілдіре түсу. Дәл осы әдісті өндіріс орындары да қолданады дегенді естігенмін, бірақ көзіммен көрмеген едім. Кентаудағы трансформатор зауыты дәл осы әдіспен жұмыс істейді екен. Олар санға емес, сапаға көбірек мән беріп, қызметін жетілдіре беруді ойлайды. Сол себепті де табысты компанияға айналып отыр. Қазір бұл зауыт ТМД елдері, Еуропаға өнімдерін жібереді екен. "Қазақстан ештеңе өндіре алмайды" деп көп айтылады ғой. Бүгін мұның шынымен таптаурын екеніне де көзіміз жетті", - дейді 10-сынып оқушысы.
Өнеркәсіптік тур Түркістанға жақын маңдағы ауылдардың жоғары сынып оқушылары үшін ұйымдастырылды. Оқушылар әуелі Кентаудағы трансформатор зауытына бас сұқты. Олар онда бұған дейін естіп қана жүрген зауыттың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Оқушыларды өндіріс орнының қызметкерлері жылы қарсы алып, әр цехты жеке-жеке көрсетіп шықты.
Кентау трансформатор зауытының басты ерекшелігі – өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Зауыт жобалау институттарымен тығыз жұмыс істейді.
Зауыт Қазақстан тарихында тұңғыш рет Astana EXPO-2017 үшін арнайы салмағы 125 тонна, кернеуі 110 кВ, қуаты 80000 кВА электрлі машинаны шығарды. Қазіргі таңда "КТЗ" АҚ қуаттылығы 80 000 кВА дейінгі 10, 20, 35, 110 кВ күштік, майлы және құрғақ трансформаторларды, әртүрлі орындалатын қосалқы станцияларды (ОРУ, КРУ, ЗРУ, ОПУ 35, 110 кВ), төмен және жоғары вольтты ұяшықтарды, вв-АЕ-12 6- 10кВ вакуумдық ажыратқыштарды және тағы басқа сұранысқа ие электр жабдықтарын шығарады.
Кентау трансформатор зауытының инженер-құрастырушысы Ерсұлтан Әбдуахитов пен басқа да қызметкерлер оқушыларға сәттілік тілеп, болашақта өндіріс орнында әріптес болуға шақырды.
"Өзім Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітіріп, 2016 жылдан бері осы зауытта қызмет етіп жүрмін. Зауытқа келгелі көп нәрсе үйрендім. Қызметкерлердің өзі зауытты "мамандарды дайындап шығаратын қарашаңырақ" деп атайды. Мұнда жастарға мүмкіндік өте көп. Біліміңіз бен қарым-қабілетіңіз жетіп тұрса, адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білсеңіз, мұнда әр маманға жол да ашық деп айтуға болады. Зауыттың филиалдары да көп қой. Өзіңізді жақсы жағынан көрсетсеңіз, әсіресе, жастарға басшы қызметін ұсынады. 23-25 жастағы мамандар зауытта қарапайым жұмысшы болып жүріп, қазір Қазақстанның басқа өңірлеріндегі филиалдарда коммерциялық директор, сату бойынша директор, техникалық директор, бас құрастырушы болып еңбек етіп жүр", - деді инженер-құрастырушы.
Оқушылар осыдан кейін Кентау трансформатор зауытының колледжіне барып, ондағы оқу корпустарын, жатақханасын да аралап та көрді.
Бұл колледжде студенттер дуалды жүйе бойынша оқиды, оның аясында практикалық сабақтар зауытта өтеді. 11 жыл ішінде колледж зауыттың қазіргі қызметкерлерінің көп бөлігін дайындап шығарған, бірнеше мың адамды оқытқан.
Оқушылар Кентаудан кейін Түркістанға оралып, қаладағы "Ұлы дала" музейі мен Farab кітапханасын аралады. Түркістаннан бірнеше шақырым жерде тұрса да, олардың көбі бұл орындарға келіп көрмеген екен. Бүгінгі өнеркәсіптік тур кезінде бұған да мүмкіндік туды.
Болашақ түлектер Farab кітапханасында көбірек кідірді. Өйткені мұнда кәсіби бағдар беруге көмектесетін профориентолог маманмен кездесу жоспарланған еді.
Профориентолог Ержанат Өнербек оқушыларға ҰБТ-дағы кейінгі өзгерістерді айтып беріп, мамандықты нақты қандай критерийлер бойынша таңдау керегін түсіндірді.
Оның сөзінше, кәсіпті таңдағанда ең әуелі оның нарықтағы сұранысына мән берген жөн.
"Сіз таңдап отырған мамандық "Қазақстанда немесе өзіңіз тұратын өңір мен әлемдік нарықта сұранысқа ие ме?", соны біліп алуыңыз керек. Өйткені сіздер қазір 10-сыныпта оқып жатырсыздар, алда тағы бір сынып бар, бұған қоса, жоғары оқу орнында тағы төрт жыл білім аласыз. Бес жылда сіздің таңдап отырған мамандыңыз, өкінішке қарай, жойылып кетуі мүмкін немесе оған сұраныс азаюы мүмкін. Қазақстанда жаңа мамандықтар пайда болып жатыр, кейбірі автоматтандырылып, кейбірінің орнын роботтар толыққанды алмастырып жатыр. Сол үшін де таңдап отырған мамандығыңыздың "болашағын" зерттеп алғаныңыз маңызды", - деді ол.
Ержанат Өнербек сонымен бірге оқушыларға таңдап отырған мамандық бойынша карьералық өсуге бола ма, соны да нақтылап алған дұрыс екенін айтты.
Оқушыларға өнеркәсіптік турды Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ұйымдастырды. Компания еліміздегі өнеркәсіптік туризмнің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.
2021 жылы жүйелі құрастырылған алғашқы өнеркәсіптік турлар ERG компаниясының құрамына кіретін Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан басталды. Өндірістегі жұмыс барысы көрсетілетін бұл экскурсияда металдың қалай пайда болатынын, феррохром қоспаларын алу қалай жасалатынын жақыннан көрсетілді.
Бұған қоса, 2021 жылдан бері Kazakh Tourism ұлттық компаниясының бастауымен "Жанды сабақтар" жобасы жүзеге асырылып келеді. Ерекше форматтағы сабақтар барысында оқушылар күнделікті мектеп пәндерін арнайы кәсіпорындарда, өндірістік орындар мен музейлерде өтті. Сабақ барысында олар осы мекемелердегі қызмет істейтін мамандық иелерімен, олардың жұмысымен танысып, кәсіптік бағыт бағдар алуына да мүмкіндіктері болды.
Жалпы жоба аясында еліміздің 14 облысы қамтылып, 3 000-нан астам оқушы қатысты. Оқушыларға экскурсия өткізілген нысандардың ішінде Атыраудағы "Ембімұнайгаз" компаниясының музейі, Астанадағы "Нұр-Әлем" болашақ музейі, Алматыдағы "Қазақфильм" киностудиясы да болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан