Түркістан облысы Келес ауданындағы №11 "Жолбасшы" жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Данабек Айкөркем үй гүлдерін өсірумен айналысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылыжайда қазіргі таңда 10-ға жуық үй гүлдерінің түрлерін баптап отырған дарынды оқушы биология пәні мұғалімінің жетекшілігімен арнайы зерттеу де жүргізіп жатыр.
"Тараз қаласына жолым түскенде жылыжайда өсіріліп жатқан ботаника бағында гүлдің мыңдаған түрі мен сортына куә болдым. Табиғаттың сәнін келтіретін, әлемге сұлулық сыйлайтын гүлді өсіру оңай емес. Ол өскеннен кейін емес, өскенге дейін де ерекше күтімді қажет етеді. Гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген жөн. Қалай өсіру керек, қандай материалдар қажет? сынды түрлі сұраққа гүл өсіретін шағын жылыжай шаруашылығымен айналысатын Бахтияр Исмаилов есімді ағамның жылыжай шаруашылығында өз тәжірибемді арттырдым", – дейді еңбекқор қыз.
Айкөркемнің айтуынша, гүл өсіру үшін кем дегенде үш-төрт ай, ал кейде жарты жыл уақыт қажет екен. Алдағы уақытта өз тәжірибесін достарымен бөлісіп, олардың да гүл өсіруге деген қызығушылығын арттырмақ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!