Түркістандық оқушы өзі жүретін "ақылды сөмке" жасап шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістандық оқушы өзі жүретін "ақылды сөмке" жасап шығарды. Сөмкені иесі пультпен басқарып жылжыта алады, оны қисық жол мен шоқалақтан да оңай өткізуге болады. "Төрткүл" жалпы орта мектебінде оқитын Айтуар Советбек өзі ойлап тапқан сөмкені сабаққа ұстап, көпті таңғалдырды. Оған бұл ой мұқтаждықтан туған.
Айтуар 1 жыл бұрын жол апатына түсіп, оған күрделі ота жасалды. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тыйым салған, тіпті кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын айтқан. Сабақтан қалғысы келмеген озат оқушы тығырықтан шығар жол іздеп тапқан.
"Үйде жатып оқу қиын, қатарыңнан қалып қойғандай күй кешесің. Мектепке барайын десем, денсаулығым жарамады, оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды, кітап-дәптерлерімді салып мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі", - дейді Айтуар.
Айтуардың бұл идеясын анасы да қолдап, дизайнына мән береді. Ұлы ойлап тапқан сөмкенің сырт пішінін жасауға көмектескен. Қазір түркістандық оқушы жылжымалы сөмкені одан әрі дамытып жатыр, сатыдан өзі шығатын механизм жасап, өнімін сатылымға да шығару ойында бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!