Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында қызғалдақтың 15 түрі өсіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, түркістандық ғалымдар осы бастама арқылы қызғалдақты жан-жақты зерттеп, сұрыптарын жерсіндіруді жоспарлап отыр.
Қызғалдақтар өсірілетін жылыжай ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Апушев жетекшілік ететін "Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзив түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу" жобасы бойынша салынған. Түркістандық ғалымдар үш жылдан бері осы жоба аясында түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Алдағы уақытта жоба аясында жылыжайда селекциялық мақсатта қолдану үшін қызғалдақтың жабайы түрлері мен эксклюзив сорттарының бастапқы материалдар топтамасы жасалады.
Айта кетейік, биыл жылыжайда қызғалдақтың 12 мың пиязшығы отырғызылып, олар ерекше технологияның нәтижесінде екі айда гүлдеді. Оның 3 мыңы әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында өсіп үлгерген. Мерекеге орай арнайы буылып, әзірленеді. Ал қалған бөліктері Наурыз мерекесіне орай, елге ұсынылмақ. Сонымен бірге оқу ордасы маңына 3 мың түп қызғалдақ егілмек.
Еске салайық, бұған дейін Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанға шетелден әкелінетін гүлдерге қатысты қызық деректерді бөлісті.
2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға салмағы 1 341 тонна гүл немесе 24,6 миллион дана гүл талы әкелінген, оның құны - 9,5 миллион АҚШ доллары немесе 4 миллиард 202 миллион теңге.
Сұранысы ең жоғары - раушан гүлдері: салмағы 799 тонна немесе 18 миллион дана гүл талы әкелінген, құны - 5,8 миллион АҚШ долларына жуық. Екінші орында - хризантемалар (салмағы - 134 тонна немесе 2,4 миллион дана гүл талы, құны 1,3 миллион АҚШ доллары), үшінші орында - қалампыр (салмағы - 31 тонна немесе 922,7 мың дана гүл талы, құны 161 мың АҚШ доллары).
Сонымен қатар, лалагүл де жоғары сұранысқа ие, оны 35 тонна салмағымен 192 мың АҚШ долларына әкелген.
Биыл гүлдер негізінен Эквадор, Нидерланды, Колумбия, Кения, Израиль, Өзбекстан, Қытай және Түркия елдерінен әкелінген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!