Түркістандық ғалымдар 1200 архивтік құжат тапты
Келешек ұрпаққа нақты фактілерге негізделген мәліметтерді мұра етіп қалдыру үшін түркістандық ғалымдар мен зерттеушілер тынымсыз еңбек етуде. 2021 жылы Түркістан облысындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын. Сол комиссия былтыр жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың деректер табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атап айтқанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық ақтауға ұсынылғандардың кеңейтілген тізімі әзірленді. Құндылығы жоғалмайтын 1200 дана архивтік құжаттар жинағы мен 200 дана монография басылып шықты.
"Әрине, кез келген саланың өзіндік өзекті мәселелері болады. Бұл бағытта архив қорымен жұмыс істейтіндердің санын арттыра түсу керек. Комиссия мүшелері мен сала мамандарын шетелге оның ішінде көршілес мемлекеттерге іссапарға жіберіп, облысымызға қатысты құжаттардың көшірмелерін алуға қолдау көрсетуіміз қажет. Бұдан бөлек, далалық іздестіру экспедицияларын ұйымдастыру, ақтауға ұсынылатындар тізімін арнайы сайтқа орналастыру шараларын да жандандырамыз", - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Бұдан түйгеніміз, бұдан былай тарихшы, мұрағатта отырып тың дерек іздейтін ғалымдарға бар жағдай жасалады. Тіпті қажет болса, көршілес елдерге барып ізденуіне де жол ашық. Және осының барлығын бір жерге жинап, жарыққа шығару үшін арнайы сайт та ашылмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы