Түркістандағы Ясауи кесенесінде көлікпен жүрген жүргізуші жазаланды
Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің бейнежазбасын анықтады. Ол көлік жүруге болмайтын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы аллеяда Hyundai Sonata автокөлігімен жүріп өтіп, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру шараларын жүргізіп, көлікті айдаған жас жігітті анықтады. Ол Сауран ауданының тұрғыны болып шықты.
Жүргізуші кесене маңындағы тамақтану орнынан шығып, жол қысқарту ниетімен заңды бұзған. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, алдағы уақытта қайталамайтынын айтқан.
Қазіргі таңда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын тротуарда тоқтату немесе оның тоқтап тұру қағидаларын бұзу, сондай-ақ көлік құралдарын гүлзарларда, көгалдарда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе оның тоқтап тұруы) бойынша хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан