Түркістан облысын дамытуда тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары есепке алынып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, олардың арыздары мен өтініштерін тыңдады. Азаматтар әкімге тікелей сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізіп жатыр. Еркін форматта өткен қабылдауда азаматтар, негізінен, жеке мәселелерін көтерді. Сондай-ақ қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан-қала әкімдіктерінің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, азаматтардың сұрақтарына жауап беруде.
Түркістан облысының әкімі тұрғындардың өтініші назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
"Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Біз үшін облысты дамытуда тұрғындардың әрбір өтініші маңызды. Себебі, өңірдің мәселесін жергілікті тұрғындардан артық ешкім білмейді. Көтерілген әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмайды. Тұрғындардың мәселелерін заң аясында шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріледі. Орындалу барысы менің қатаң бақылауымда болады", – деді Нұралхан Көшеров.
Ашық диалог алаңында 100-ге жуық тұрғын түрлі салалар бойынша мәселелерін жеткізуде. Көтерілген өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, жер және инфрақұрылымға қатысты.
Облыс әкімі әрбір өтінішке мұқият назар аударып, шешу жолдарын қарастырды. Облыс әкімінің жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жіті зерделеп, заң аясында шешім қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар көтерген мәселелердің бір бөлігі сол жерде оң шешімін тапса, қалғаны бақылауға алынды. Сонымен бірге қабылдауға жазылған тұрғындарға демеушілер есебінен мерекелік сыйлық тапсырылды.
Таңертеңнен басталған жеке қабылдау әлі де жалғасып жатыр.
Аймақ басшысы мұндай қабылдаулар тұрғындармен кері байланысты нығайтудың тиімді тетігі екенін атап өтіп. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал