Түркістанда түркі әлемі көшбасшыларының кездесуі өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Түркістан – Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл өңірде ұлтымыздың тағдырын айқындаған аса маңызды шешімдер қабылданды. Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Бұл бірегей жиынның мән-мағынасы аса ерекше. Құрылтайда үш жүздің билері және игі жақсылары түгел бас қосып, бір тудың астына жиналды. Ұлт бірлігінің арқасында батыр бабаларымыз Аңырақай шайқасында тарихи жеңіске жетіп, бүкіл сырт елдерге қазақ елі тұтастығының күшін паш етті. Осындай елдік пен ерлік дәстүрі ешқашан үзілген емес. Біз де тарих жолын жалғастырып, елімізде төрелі жиын, төбелі басқосулар өткізіп келеміз. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістанда өткенін жақсы білесіздер. Мен осы жерде "Адал азамат" тұжырымдамасын алғаш рет жарияладым.

Президент мамырдың ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы көшбасшыларының жоғары деңгейдегі кездесуі жоспарланып отырғанын хабарлады.

"Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек", – деді Тоқаев.

Айта кетейік, 21 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар түркі әлемінің қасиетті орындарының бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басталды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз