Түркістанда тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды

Түркістанда тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанда тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды. Түркістан қаласындағы "Turan" арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. Жіп иіріп, мата өндіретін ірі өндірістік кешен өз жұмысын бастады. Бұл маңызды оқиға өңірдің ғана емес, тұтас елдің жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын айғақтайды.

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыттың іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған терең өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттермен толық үндес екенін атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Жаңа зауыттың ашылуы өңір экономикасын дамытудағы стратегиялық қадам екенін атап өткен облыс әкімі мақтаны терең өңдеу экономикалық тәуелсіздіктің негізі екенін айтты. Сондай-ақ Түркістанның болашағы тек рухани-мәдени орталық ретінде ғана емес, өндірісі мен инновациясы дамыған заманауи экономикалық орталық ретінде қалыптасуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

"Мемлекет басшысы Жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға басымдық беру қажеттігін нақты айтты. Түркістан облысында осы бағытта жұмысты жандандырып, мақта кластерін дамытуды бастадық. Бұл жұмыстар мақтаның экспорттық бағасына тәуелділіктен арылтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын толық циклді кәсіпорындарды құрып, мақтаны өсіруден бастап, киім тоқуға қол жеткіземіз. Соның алғашқы қадамдарының бірі – "Түркістан Текстиль" кәсіпорны. Бұл – өңіріміздегі тоқыма өнеркәсібінің жаңа кезеңінің бастауы болатын ірі инвестициялық жоба. Мақта – өңіріміздің басты стратегиялық дақылы. Ендігі мақсат – оны тек шикізат ретінде экспорттау емес, терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару. Алдағы бес жылда мақтаны өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу және дайын киім тігуге дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отырмыз. "Түркістан текстиль" – осы үлкен мақсатқа бастайтын алғашқы нақты қадам. Біз Түркістан облысын дотациялық аймақтан өзін-өзі толық қамтитын, өндірісі дамыған өңірге айналдыруымыз керек. Ал оның бірден-бір жолы – инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу. Сондықтан Түркістан облысы үшін мұндай ірі өнеркәсіптік жобалардың маңызы зор. Түркістан – тек рухани шаһар ғана емес, өндірісі мен инновациясы дамыған жаңа экономикалық орталыққа айналады", – деді Нұралхан Көшеров.

Қала әкімдігі мәліметінше, "Turan" арнайы экономикалық аймағынан 42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары халықтың әл-ауқатын арттырып, ішкі көші-қонды азайтуға, кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалуға мүмкіндік береді.

Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар кәсіпорын өнімдерінің едәуір бөлігі экспортқа бағытталмақ.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Түркістан өңірінде жеңіл өнеркәсіпті жүйелі түрде дамытуға, мақта саласының тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге серпін береді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды өндірістік алаң қалыптастырады. "Түркістан текстиль" зауытының іске қосылуы – өңір экономикасының әртараптануына, жаңа индустриялық бағыттардың қалыптасуына және Түркістанды жаңа экономикалық орталыққа айналдыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам.

Әкімдік өкілдері сөзінше, Түркістан тек тарихы терең, руханияты биік қала ғана емес, өндірісі өркендеген, болашағы нық аймақ ретінде дамуын жалғастыра беретініне бұл жоба айқын дәлел болмақ. Түркістан облысында импорт алмастыратын 20 жоба іске асырылуда. Бұл өз кезегінде 53 миллиард теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік береді. Индустриалдық аймақтарда құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңгені құрайтын, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. "Turan" арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget