Түркістандықтар тәуелсіздігіміздің 24 жылдығында 24 игі істің куәсі болды.
Көне шаһарда бір күнде 9 әлеуметтік нысан ашылды. Ең бастысы, 120 бүлдіршін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақша табалдырығын аттады. Сондай-ақ сүт өңдеу цехы іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Халықтың қуанышы мұнымен шектелмеді.
Ұлттық құндылығымызды ұлықтауға арналған мерекеде Мария апайдың пәтеріне жылу берілді. Бұрын жоғары қабатқа көмір тасып, пештің күлін шығарумен әлек болатын. Жиырма жылдан бері төбелерінен су, табандарынан сыз өтіп отырған 122 пәтер тұрғындарының бойлары жылынды.
Мәрия Саржанова, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Бұрын осы жерде пеш тұратын. Жылу келгеннен бері пешті бұзып тастап, орнына батарея қойдық. Үйіміз жылы.
Қалада жылумен қатар жарықтандыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Қоныстанушыларының саны артып келе жатқан Бекзат ауылы мен индустриалды аймақтағы кәсіпорындарды жарықпен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қосалқы станса да салыныпты.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:
- Халыққа ең мұқтаж ауызсу мен электр энергиясы болса, осы сала бойынша 5 нысанды іске қостық. Түркістанның іргесіндегі жаңадан бой көтерген мөлтекаудан ауызсумен қамтылды. Жарықтан тапшылық болмауы және электр энергиясымен қамту үшін үлкен коммуналдық станса салдық.
Рухани астанада сүтті терең өңдейтін кәсіпорынның ашылуы ауыл тұрғындары үшін қосымша пайда табуға мүмкіндік беріп отыр.
Хабибулла Әзімов, кәсіпорын басшысы:
- Бұл біз үшін Тәуелсіздік күніне жасалған ең құнды сыйлық болды. Бұл жерде сағатына 2 тонна сиыр сүті қайта өңделіп, одан сүзбе, айран және пастерленген сүт шығарып, халықты Қазақстанда өндірілген өніммен қамтамасыз ету мүмкіншілігі туды.
Түркістанда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 77%-ға жеткен.Күнімкүл Алдиярова мемлекеттік-жеке әріптестік аясында ашылған орталыққа немересін көтеріп келіпті.
Күнімкүл Алдиярова, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Бұл балабақшада үш тілді үйретеді екен. Балалар біздің болашағымыз, осы баламның білімді елдің азаматы болып өсуіне өз үлесімді қоссам деймін. Сондықтан осы балабақшаны таңдап отырмын.
Көне қалада бой көтерген тағы бір нысан балалар мен жасөспірімдер орталығы болды. Онда 30 үйірме жұмыс істейді. Мұнда оқушылар ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды оқып-үйренетін болады.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов
Дереккөз: 24.kz