Түркістанда 9-сынып оқушысы босанып қалған. Бұл дерек қалалық прокуратура жанындағы ведомствоаралық жиында мәлім болды, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі Аstana телеарнасына сілтеме жасап.
Адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының мәліметінше, ерте жүктілік бойынша есепке алынған оқушы қыз қаңтарда балалы болған. Осы жағдайдан соң ол "Аналар үйіне" жайғастырылыпты. Облыстық білім басқармасы мамандарының дерегінше, оқушының өзі ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Ол осыған дейін 75 жастағы кейуананың патронаттық қарауында болған екен. Оқушының айы-күні жақындағанға дейін сабақтан қол үзбегені белгілі болды.
"Қаңтардың 24-і босанып, 9-сынып оқушысы осындай жағдайда болып отыр. Мемлекеттік емтиханды алып келіп қатыстыруға тырыстық. Некрасов атындағы мектептегі жағдайға байланысты болған оқиғаға байланысты мектеп директорының мәжілісі өткізіліп, осыған байланысты қарамағындағы төменгі мамандарға, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, психологтарға ескертулер берілді", - деді Түркістан қаласы Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова.