Түркістанда қылмыстық топқа қатысы бар 20 күдікті қамауға алынды

Түркістан облысында интернет-алаяқтық ісі бойынша 20 күдікті қамауға алынып, тағы екі адамға халықаралық іздеу жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысында 2024–2025 жылдары Қазақстан аумағында жүрген шетелдік ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік еткені анықталған. Топ мүшелері интернет және телефон арқылы алдап-арбау тәсілін қолданып, 21 жәбірленушіге жалпы сомасы 125 миллион теңгеден асатын материалдық шығын келтірген.

Күдіктілер өздерін пошта қызметкерлері және байланыс операторларының өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың атына алдау жолымен несие рәсімдеткен. Кейін алынған қаражатты өз пайдасына жаратқан.

Жәбірленушілерге 20 миллион теңге қайтарылды. Күдіктілерге тиесілі үш автокөлікке тыйым салынды. Қалған шығын сомасы сот процесі барысында мәжбүрлі тәртіппен өндіріп алынады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы (алаяқтық) және 262-бабының 1, 2-бөліктері (ұйымдасқан топ құру және оған қатысу) бойынша қозғалған қылмыстық іс жөніндегі соталды тергеу аяқталды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!