Түркістан облысында менталды бұзылыстары бар балаларды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан - "Қамқорлық" арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады.
Орталықтың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды құттықтады.
"Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Түркі әлемінің астанасы тарихи Түркістан қаласы тағы бір әлеуметтік нысанмен толығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде "Қамқорлық" жаңа арнаулы әлеуметтік орталығы ашылып отыр. "Қамқорлық" - атауының өзі айтып тұрғандай, балаларымыздың өміріне жарық, жүрегіне үміт сыйлайтын орталық болатынына кәміл сенемін", - деді Нұралхан Көшеров.

Оның сөзінше, мұнда бір уақытта 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықта 90-ға жуық жұмыс орны құрылып, іргелес жатқан 4 аудан, қаланың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады.
"Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Құрметті ата-аналар! Сіздердің шыдамдылық пен мейірімдеріңіз - біздің балаларымыз үшін ең үлкен демеу. "Қамқорлық" орталығы сіздерге серік, сенімді тірек болады деп санаймын. Баршаңызды жаңа орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Балаларымыздың жүрегіне шаттық пен шабыт сыйласын! Орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін", - деді Нұралхан Көшеров.

Сонымен бірге "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары София Айсағалиева, "Қамқорлық" қоры корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінқызы да құттықтау сөз сөйлеп, мұндай игі бастамалар жалғасатынын жеткізді.
Аталған орталық Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиесілі және жартылай стационарлық үлгісінде жұмыс істейді. Бір мезетте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 баланы қабылдай алады. Мұнда балаларға тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі.

Заманауи талапқа сай орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 350 миллион теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 миллион теңге қаражат бөлді.
Орталықта балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті, сенсорлық және сенсорлық-интеграция бөлмелері, робототехника және LEGO сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары толық жабдықталды. Жаңа орталық өңірде аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне оң ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

Айта кетейік, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі - мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Бүгінгі таңда Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың болса, оның ішінде 15 457-сі - балалар. Ал 2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес облыс аумағында аутистік спектрінің бұзылуы (АСБ) диагнозы қойылған 398 бала тіркелген.
Соңғы бес жылда Түркістан облысында 20-дан астам қайырымдылық жоба іске асырылды. Олардың қатарында "Ainala" оңалту орталықтары, 3 және 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, ауылдық елді мекендердегі спорт алаңдары сынды жобалар бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал
Massaget.kz