Түркістанда белгісіз біреулер кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлемек болған. "НеМолчи" қоғамдық қорының мәліметінше, Б. есімді әйел 17 жастағы қызды Түркістанға жұмыс істеуге шақырған. Жұмыс мақсаты - интим қызмет көрсету болған. Б. есімді әйел 17 жастағы қызға "клиент" тауып қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қор мәліметінше, клиент 70 мың теңгеге екі сағатқа тапсырыс берген. Ол кәмелетке толмаған қыздың карта нөміріне бірден 140 мың теңге жіберіп, қаладағы қымбат қонақүйдің бірінен бөлме жалдаған. Клиент қонақүйге кәмлетке толмаған қызды шақырған, бірақ ол бұған дейін мұндай іспен айналыспағандықтан қатты қобалжыған. Сөйтіп 17 жастағы қыз етеккірі келгенін айтады. Клиент бас тартып, 140 мың теңгесін қайтаруды талап еткен. Кәмелетке толмаған қыз Б.-ға хабарласып, ақшаны жіберуін сұрайды. Алайда Б. ақшаны жіберуден бас тартып, клиентке баруын талап етеді.
Әрі қарай клиент пен қыздың арасында жанжал басталған, кейін клиент кәмелетке толмаған қызды қонақүйдегі бөлмеге жауып кетеді.
"Артынша бөлмеге үш әйел кіріп, қызды ұрып-соғып, балконға қамап тастаған. Кәмелетке толмаған қыз Б-ға қоңырау шалмақ болған, бірақ нәтиже болмайды. Жарты сағаттан кейін әйелдер қызды 6-қабаттан итеріп, қонақүйден шығып кеткен", - делінген жазбада.
Қонақүй қызметкерлері жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Қонақүй қызметкерлері бейнекамераларды қарап, әйелдерге телефон соққан, олар қыз өзі мас күйде балконнан секіріп кеткенін айтады. Бірақ сот-медициналық сараптама қыздың қанынан алкоголь таппайды.
"Түркістан қаласының полициясы айғақтарды жасырып отыр, бұл іс бойынша әйелдерден жауап алынбаған, жалпы ешкімнен жауап алынған жоқ. Ал іс ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша тергеліп жатыр. 23 ақпаннан бүгінге дейін нәтиже жоқ", - деп жазды қор.
Түркістан ПД баспасөз қызметі болса бұл дерек тексеріліп жатқанын хабарлады. Тергеу жүріп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!