- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістанда жоғалып кеткен...
Түркістанда жоғалып кеткен төрт жасар бала өлі табылды
Түркістанда жоғалып кеткен төрт жасар бала өлі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
"Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде, 3 желтоқсан күні түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан (септик) табылды. Баланың денесін медициналық сарапшылар тексереді, ал мәйіттен зорлық-зомбылық пен қандай да бір өлім белгілері табылмады", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобының қызметкерлері, полиция департаменті мен прокуратура басшылығы жұмыс істеп жатыр. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталады.
Түркістан полициясына баланың жоғалғаны туралы хабарлама 1 желтоқсан күні кешкі уақытта түскен. Жергілікті тұрғын ойнауға шыққан ұлының, оралмағанын айтқан. Жоғалған баланы іздеуге полиция департаментінің барлық күші мен құралы, сондай-ақ Ұлттық ұланның құтқарушылары мен әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Кішкентай ұл баланың фотосуреті БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды.
Баланы іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар мен оқиғаға бей-жай қарай алмаған азаматтар да көмектесті. Олар жақын маңдағы аумақтарды, тұрғын үйлерді аралап шыққан. Қараусыз қалған үйлер, арықтар және кішкентай бала бара алады-ау деген басқа да орындар тексерілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан