ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлінісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен Кентау қаласында "Хизб ут-тахрир" діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобын жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, "шариғат" нормаларын енгізуге бағытталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттауға, сондай-ақ діни көзқарасты қорлауға қатысты фактілер анықталды.
Топ мүшелері "Хизб ут-тахрир" шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланған. Топ жетекшісі бұған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталды.
Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!