- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістанда халықаралық IT...
Түркістанда халықаралық IT университеті ашылады
Түркістан қаласында IT саласы мамандарын даярлайтын халықаралық университет филиалы ашылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған себеп - Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының АҚШ Penn state (Пенсильвания) университетінің Түлектер бағдарламалары және халықаралық бағдарламалар жөніндегі деканы Стивен Барнсты қабылдауы. Кездесуде университет филиалын ашу бастамасының алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары қаралды.
"Түркістан қаласында IT университет филиалын ашу мәселесіне қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. 2018 жылы Түркістан облысы құрылғалы бері бұл қалаға тартылаған инвестиция көлемі едәуір артқан. Қала құрылысында заманауи сәулет үлгілері қолданылды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халық саны өсіп келеді. Облыстың екі миллионнан астам тұрғыны бар. Түркістан бұрын Қазақ хандығының астанасы болған. Қалада түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Бүгінгі таңда облыста екі университет бар. Қазіргі дәуір - цифрландыру дәуірі екенін ескеретін болсақ, өңір жастары үшін IT бағыты бойынша жоғарғы оқу орнын ашу қажеттілігі бар. Сондықтан Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашуды қарастыруды ұсынамын", - деді өңір басшысы.
Стивен Барнс Түркістанның тарихи орнына тоқталып, қаланың дамып жатқанына, өңір басшысының құрметпен қабылдағанына ризашылығын білдірді.
"Ұлы Жібек жолындағы бірнеше елде жұмыс істегендіктен тарихынан хабардармын. Қазақ даласының тарихы тереңде, мұнда бұрыннан өркениет болған. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, ғасырлардан жалғасқан сабақтастықты сезіндім. Мен Пенсильвания университетінде жұмыс істеймін. Үндістандағы Ұлттық сот сараптамасы университетімен тығыз байланыстамын әрі құрылтайшыларымен бірлесе жұмыс атқарып жүрмін. Халықаралық деңгейдегі келіссөздеріне көмектесемін. Футбол тілімен айтқанда, білім мен ғылым саласындағы үздіктерді іздейтін скаутпын. Түркістанға келу мақсатым - Үндістанның сол жетекші оқу ордаларының бірінің филиалын Түркістанда ашуға көмектесу. Жол, ғимарат салу оңай, бірақ, білімді ұрпақ тәрбиелеу, сапалы білім жүйесін дамыту өте қиын іс. Мен Түркістанда оқу ордасының филиалын қысқа уақытта ашу мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын. Арнайы ғимараты бөлінсе, университет өз филиалын ашуға, мамандарын уақытша жіберуге және қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге дайын", - деді Стивен Барнс.
Университет өкілдері келіссөздерді жалғастыру мақсатында елімізге биыл маусымда келеді деп жоспарланып отыр. Ұлттық сот сараптамасы университеті (National Forensic Sciences University) - Үндістандағы киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы салалары бойынша әлемдегі жетекші оқу ордаларының бірі. Күрделі технологиялармен байланысты қылмыстар санының күрт өсуі кезінде ғалымдар мен технократтарға қажеттілік туындауына байланысты 2009 жылы құрылған. Оқу ордасы сот сараптамасы және криминалистика саласындағы 14 факультетте киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика бағытын қоса алғанда 75 (оның ішінде 10 мамандық IT саласына қатысты) мамандық бойынша білім береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы