Түркістанда ер адамды атып кеткен күдікті іздестіріліп жатыр

Түркістанда ер адамды атып кеткен күдікті іздестіріліп жатыр

Түркістанда бірнеше күн бұрын ер адамдар арасында атыс болды. Видеодан бірнеше ер адам келісімге келе алмаған соң бірі екіншісіне оқ атқанын байқауға болады. Әлеуметтік желіде осындай жазба тарады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесуге №2 Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры да барған. Дегенмен ол оқ атылғаннан кейін кетіп қалғаны жазылған.

Алайда облыстық полиция департаменті спорт мекемесі өкілдерінің жанжалға қатысы бар деген мәлімет шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жеке басы анықталыпты.

"Түркістанда тұрмыстық жанжал кезінде қаруды қолданылып, салдарынан жергілікті тұрғын зардап шекті. Түркістан облысының полициясы қылмыстық іс қозғады. Күдіктінің жеке басы анықталған, қазіргі уақытта оны ұстау мен оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру мен тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Спорт мекемесі өкілдерінің жанжалға қатысы бар деген мәлімет шындыққа жанаспайды", – делінген Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан