Түркістанда ер адам сау әйелінің аяқ-қолын скотчтап, жындыханаға жатқызған

Түркістанда ер адам сау әйелінің аяқ-қолын скотчтап, жындыханаға жатқызған
Фото: t.me/stankznews

Түркістан тұрғыны достарымен бірге жұбайын скотчпен байлап, психиатриялық орталыққа мәжбүрлеп жатқызған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта кімдер жауап берді?

Түркістан қаласының ауданаралық соты Д., Ю. және М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады:

  • Д.-ға алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау (ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі 1) тармағы), психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру (ҚК-нің 127-бабы 1-бөлігі) және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау (ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі) бойынша айып тағылған;
  • Ю. мен М.-ға алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау (ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі 1) тармағы); психиатриялық стационарға заңсыз орналастыруға жәрдемдесу (ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі - 127-бабы 1-бөлігі) бойынша айып тағылған.

Мән-жайы

Айыпталушы Д. Түркістан қаласындағы базарлардың бірінің аумағынан тауып алған атыс қаруына арналған 16 оқ-дәріні тұрғылықты мекен жайында заңсыз сақтаған. Сонымен қатар, Д. бірге тұратын жұбайы И.-мен арадағы отбасылық жанжал салдарынан оны психиатриялық стационарға заңсыз жатқызбақ болған. Жоспарын жүзеге асыру үшін ол Ю. және М.-мен алдын ала сөз байласқан.

Айыпталушылар жәбірленушінің қол-аяғын скотчпен байлап, күштеп Шымкент қаласындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізген. Сол жерде айыпталушы Д. медициналық құжаттарға қол қойып, жәбірленушіні мекемеге заңсыз жатқызған.

Сот не шешті?

Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушінің айғағымен, сот сараптамасының қорытындыларымен, куәлардың жауаптарымен, аудио-видеолармен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген.

Сот үкімімен Д.-ға түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ю. және М.-ға әрқайсына 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Д.-дан жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге, ал Ю. және М.-ның әрқайсынан 3 млн теңгеден өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget