Түркістанда ең керемет 15 жұп марапатталды
Биыл Түркістанда "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" күні ерекше форматта атап өтілді. ҒАШЫҚТАР КҮНІНЕ ОРАЙ
"NEKE TOUR" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осы орайда, Түркістанда облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен алғаш рет "Neke tour" республикалық байқауы ұйымдастырылды. Бүгін Түркістан қаласына байқаудың жеңімпаздары келді.
Ерлі-зайыпты 15 жұп неке қию рәсімін жандандырып, киіз үйлерде некесін қидырды. Ғашықтар күніне орай ұйымдастырылған шараны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, байқау жеңімпаздарын марапаттады.
"Биыл Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отырған "Қозы көрпеш - Баян сұлу" күні қасиетті шаһарда ерекше форматта атап өтілді. Осы мерекеге орай ұйымдастырылған "Neke tour" республикалық байқауы қоғамның ерекше қызығушылығын тудырды. Ел көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған жобаға 345 жұп өтінім беріп, байқаудың маңыздылығын арттырды. Бұл отау құрған жұптардың сенімді, махаббатты серік еткен беріктігі мен қасиетті Түркістанға деген құрметі деп білемін. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы сыйластық, татулық, сенім сияқты асыл қасиеттерді басты ұстаным етіп алған байқаудың үздіктері бүгін арамызға келіп отыр", – деген ол көпшілікті мерекемен құттықтады.
Айта кетерлігі, байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен өтінім жолдағандардың қатары көп болды. Қорытынды кезеңінде байқау талаптарына сәйкес Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Сәтпаев, Тараз, Қызылорда, Түркістан және Шымкент қалаларынан келген жұптар іріктеліп алынды.
Түркістан қаласының бас имамы некелерін жаңа қиған жанұяларға отбасылық өмірдің жауапкершілігі туралы түсіндіріп өтті.
"Шаңырақ" номинациясы бойынша Шыңғыс Нұрғазы мен Асылтас Рахи жеңімпаз атанды. "Махаббат" номинациясы бойынша Тимур Шантиев пен Гүлсара Маженова, Бауыржан мен Айман Утаевтар, Нұрлан Тайғанов пен Жасмин Түменбаева, Алмат мен Ақнұр Кәден; "Ару" номинациясы бойынша Бекзат Бейсенбаев пен Аян Ахметова, Дархан Қорғанбек пен Сандуғаш Төлеуова, Нұрперзент Нұрланов пен Жібек Бескепе, Қанат Шәкәрім мен Сағымбек Мереке; "Жанұя" номинациясы бойынша Елдос Дүйжанов пен Галина Серікбаева, Бақдәулет Шахатай мен Аделия Жолдыбай, Қайсар Түйінбеков пен Саяжан Иман, Жандос Сапарғали мен Акбота Ғазез, Өтен Бекболат пен Жүсіп Жазира, Саттар Шаймерден мен Нұргүл Берістенбек марапатталды.
Түркістанға жолдама алған жеңімпаздарға екі күн бойы құрмет көрсетіледі. Мәселен, бүгін романтикалық кешкі ас, фотосессия және мәдени бағдарлама ұйымдастырылса, ертең қаланың көрікті орындары мен қала маңындағы киелі жерлерге зиярат ету жоспарланған.
Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының "Open Turkistan" туристік-ақпараттық орталығы аталған байқауды жариялаған болатын. Байқау шарттары бойынша, 3-9 сәуір аралығында ерлі-зайыпты жұптар neke-turkistan.kz порталы арқылы қатысуға онлайн-өтінім жолдаған.
"Байқау туралы біліп, көптеген ерлі-зайыпты жұп қатысуға өтінім жібергеніне қуаныштымыз. Мұндай белсенділік жастардың өз халқының мәдени және рухани құндылығына деген құрметі, сол салт-дәстүрмен өмір сүруге деген құлшынысы байқалады. Неке қию рәсімінің қасиетті мән-мағынасы баянды әрі бақытты отбасылық өмірге жақсы негіз болады", дейді ұйымдастырушылар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы