- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ҚМДБ мәлімдемесі
Түркістанда бас мүфтидің келуіне орай имамдардан ақша жиналғаны рас па?
Желіде ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына және Діни басқарма қызметі мен Түркістан облысының бас имамы Төлепов пен іс басқарушы Тұрлыбековке қатысты ақпарат тараған еді. Онда бас мүфтидің келуіне орай Түркістан облысы имамдарынан ақша жиналғаны айтылған. ҚМДБ бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұл жайттардың ақ-қарасын анықтау үшін Діни басқарма жанынан арнайы тексеру комиссиясы құрылып, комиссия мүшелері Түркістанға барып, тағылған айыптарға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізді", - делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысы қандай?
"Түркістан облысында бас мүфтидің келуіне орай имамдардан ақша жиналмаған. Банк арқылы жіберілген қаражат демеушілер тарапынан берілгені және сол қаражат қайырымдылық жұмыстарға, ауыз ашар дастарқанына, республикалық Құран жарысына, конференция ұйымдастыруға, баспасөзге жазылу сынды іс-шараларға жұмсалғаны анықталды. Аттестация мүшелері үшін ақша жинау дерегі анықталмады және гонорар берілмегені дәлелденді. Бас мүфти сапарының шығындары Діни басқарманың есебінен төленген. Мешіт балансындағы қызметтік көлік жыл барысындағы барлық шығындары мешіт есебінен төленбеген болып шықты", - делінген жауапта.
Облыстық мешіттің кіріс-шығыс қаражаты толықтай тексеріліп, ешқандай заңбұзушылық пен мақсатсыз қаржы жұмсау дерегі анықталмаған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты ресми дерек көздеріне сүйеніп, жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Бұған дейін не болды?
Еске салайық, Ораз Әлімбеков есімді желі қолданушысы Бас мүфти мен Түркістан облысының бас имамына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, Түркістан облысының имамдары өңірдегі жағдайды айтып, хабарласқан. Имамдар "өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Төлепов ақша жинайтынын" айтып, шағымданған.
"Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап, облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды. Аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салады. Олар ақша іздеп, тентіреп кетеді... Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е.Төлепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Әлімханның каспи голдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін "бұл аз" деген соң 130 мыңды каспи голдына аударған", - деп жазды Ораз Әлімбеков.
Кейін Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов мәселеге орай жауап беріп, тараған ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек