- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістанда әкімдік қызметкері...
Түркістанда әкімдік қызметкері комиссия отырысында балабақша иесін ұрып жіберген
Түркістан облыстық білім басқармасында өткен комиссия отырысында әкімдік қызметкері балабақша иесіне күш қолданған. Бұл сәттің видеосы отырыстың түсірілімі кезінде түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Видеоны Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев Facebook-тегі парақшасында жариялады.
"Әкімдіктен пана, көмек сұрап келіп жатқан халық келіп, таяқ жеп кетіп жатса, "Мемлекеттік қызмет туралы" заң бұған не дейді? ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұған не дейді, әлде мемлекеттік қызметкерлерге арналған заң тек аудандар мен ауыл әкімшіліктерінде қызмет жасайтын жәй мамандарға ғана қолданылады ма?", - деп жазды автор.
Бұл жайт облыстық білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған. "Соққыға жығылдым" деген әйел балабақша иесі екен. Отырыс кезінде жанжал шыққан. Видеодан әкімдік қызметкерінің балабақша иесіне ашуланып, кейін жұлқылап, қол көтергенін көруге болады.
Балабақша иесі әкімдік қызметкерінің үстіне арызданған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, арыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-тармағы ("Ұрып-соғу") бойынша тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданған.
Жоғарғы соттың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, аталған іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған. Сот қаулысымен әкімдік қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Түркістан облыстық әкімдігіндегілер балабақша иесіне күш қолданды деген әйел әкімдіктің ішкі аудит қызметінің бас инспекторы екенін айтты. Аталған оқиғадан кейін қызметкерден түсініктеме алынып, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған қатаң сөгіс беріліпті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан